Фото: primeminister.kz
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды "Самұрық-Қазына" қоры салып берген Қожа Ахмет Яссауи музейінің не себепті ашылмай жатқанын айтты, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер үш жыл бұрын салынған нысан туралы сауал қойды.
"2020 жылы Қожа Ахмет Яссауи музейі салынған болатын. Құны – 3,3 млрд теңге. Бірақ оны әлі күнге дейін пайдалануға берген жоқ. Құрылыс кезінде көптеген кемшілік болды дейді. Нақты себебі қандай? Музей неге ашылмай жатыр? Ал, ең бастысы, ақша қайда кетті?", - деп сұрады тілшілер.
Облыс басшысы музейдің үш жыл бұрын тапсырылғанын растады. Оны "Самұрық-Қазына" қоры салып берген. Одан кейін сол нысанды Түркістан әкімдігіне ақысыз рәсімдеген.
"Бірақ нысанды қабылдағанда ішкі әрлеу жұмыстары болмаған. Осыған байланысты қала әкімдігі музейдің ішін безендіруге қосымша қаражат қарастырған еді. Алайда нысан әлі пайдалануға берілмеді. Мен өзім барып көрдім... Бірақ алдымен бұл мәселенің анық-қанығына көз жеткізгім келіп тұр", - деді Сатыбалды.
Осы орайда әкім тексерістің қалай жүргізілетінін түсіндірді. Оның айтуынша, алдымен барлық материал құқық қорғау органдарына жіберіледі. Олар ішкі аудит қызметін тартып, нысанға жұмсалған қаржының қаншалықты негізді болғанын тексереді.
"Негізі келісімнің мерзімі 2023 жылдың аяғына дейін белгіленген. Бірақ барлық мән-жайды анықтамайынша мен ол нысанды қабылдамаймын", - деді облыс басшысы.