21 мау, 2023 сағат 17:49

Сәтқалиев өңірлердегі жылу электр орталықтарын аралап шығатынын айтты

Фото: KAZENERGY

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Риддер мен Астанадағы жылу беру жүйесі нысандарының тозуы жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл нысандар бойынша өте күрделі тәуекелдер бар. Оларға бұған дейін қаражат аз бөлінген. Бірқатар жылу электр орталығындағы жағдай өте қиын. Біздің ендігі міндет – бұл нысандардың жылу беру маусымына дайын болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау», - деді Сәтқалиев Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол ел өңірлеріндегі жылу электр орталықтарына не себепті әлі бармағанын айтты.

«Нысандарды аралап шығуға қатысты тиісті жоспар жасалды. Бұл жоспар Үкімет басшысының орынбасарымен, әкімдіктермен келісілді. Таяуда негізгі нысандардың барлығын аралап шығуды жоспарлап отырмын. Неліктен осы күнге дейін бармадым? Бұл негізінен жөндеу жұмыстарының кестесіне қатысты. Яғни мердігер ұйымдар нақты іріктелген кезде, атқарылатын жұмысқа жауаптылар болғанда ғана сапар нәтижелі болады. Бұл тұрғыда іске асырылып жатқан жұмыс қарқынын нақты көруге болады. Яғни олардың қаншалықты үлгеріп жатқанына нақты баға береміз», - деді министр.