Сәтбаев қалалық соты адам өліміне қатысты атышулы іс бойынша үкім шығарды. Сотталушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Бүгін Сәтбаев қалалық сотында 28 жастағы Дәулет Алтынбековтің өліміне себепші болған іс бойынша сот үкімі шықты. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" бойынша айыпталған сотталушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
"Сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, бұл мерзімге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін бұрын өтелмеген мерзімі қоса берілді. Сотталушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде өтейді", - деп үкімді жариялады судья Дәурен Ибраев.
Сонымен қатар, судья Сәтбаев қаласының прокуратурасына соталды тергеп-тексеру сатысында қарама-қайшы айғақтар берген іс бойынша куәгерлердің бірін жауапқа тарту туралы жеке ұйғарым шығарды.
Соңғы сөзінде сотталушы өз кінәсін мойындап, жәбірленуші тараптан кешірім сұрады. Алайда марқұм Дәулет Алтынбековтің туыстары сот үкімімен келіспейді. Олар сотталушыны "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті.
"Сотталушы бұрын 106-бап бойынша сотталған. Жазасын соңына дейін өтемей, екінші рет қылмыс жасады. Ол ағамды сан артериясынан жаралады. Алматыда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге қатысты осындай қылмысқа неге қатаң жаза берілді? Ал ағамызды өлтіргені үшін азырақ? Бұл әділетсіздік", – дейді марқұмның әпкесі Нышанқұл Топшақ.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, былтыр қарашада Сәтбаевтағы дәмханада 28 жастағы Дәулетбек Алтынбеков жарақат алған болатын. Оны танысы пышақтап кеткен. Жәбірленуші көп қан жоғалтып қаза болды. Марқұмның туыстары күдіктіні қасақана кісі өлтіргені үшін соттауды талап етіп жатыр.