30 жел, 2019 сағат 09:25

Сарышаған жол дистанциясының директоры 16 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған

ҚТЖ Сарышаған жол дистанциясы филиалының директоры аса ірі көлемде қаражат ұрлағаны үшін сотталды. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке сілтеме жасап хабарлайды.

«Жамбыл облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бұған дейін «Жамбыл магистральды желісінің бөлімі» – «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының Сарышаған жол дистанциясы (ПЧ-48) директоры Т. С. Қыдырбаевқа қатысты тергеу жүргізген.

Ол жанар-жағармай материалдары мен бағыттама бұрысының металл бөлшектерін негізсіз есептен шығару арқылы аса ірі көлемде – жалпы сомасы 16 миллион 78 мың теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін күдікке ілінді», - делінген хабарламада.

Тергеу барысында келтірілген шығын толығымен өтелді.

Ағымдағы жылдың 26 желтоқсанында Қарағанды облысы Приозерск қалалық сотының үкімімен Т. С. Қыдырбаев кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазым атқаруға өмір бойына құқығынан және 7 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.