Жетісу облысындағы Сарыөзек гарнизонында 19 жастағы Темірбек Мыңжасаров есімді кіші сержантқа оқ атылған. Жарақаттанған ол қазіргі уақытта Ескелді аудандық ауруханасында ем қабылдауда. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Темірбек осыдан бір жыл бұрын келісімшарт арқылы әскери қызметке қабылданып, 6 ай әскери борышын өтеген. Оқыс оқиға 2 қыркүйек күні болған, туыстарының айтуынша, әріптестерінің бірі кездейсоқ оқ атқан. Оқ Мыңжасаровтың білегін тесіп өткен, алайда әскери бөлім басшылығы бірден ауруханаға жеткізудің орнына оны пәтерде бір күн бойы ұстаған.
Темірбектің әкесі Бақытбек Қасымбеков баласының жағдайын кеш хабар алып, оны әскери полицияның көмегімен тапқанын айтады. Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша тергеу амалдары басталған.