2019 жылғы 27 желтоқсанда «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қызылорда облысынан бастау алған «Сарыарқа» газ құбыры еліміздің елордасын, орталық және солтүстік өңірлерін отандық көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларының және газ құбыры трассасының бойына жақын орналасқан 171 елді мекеннің шамамен 2,7 млн тұрғыны табиғи газға қол жеткізеді. Аталған газ құбырын салу ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастама» атты Қазақстан халқына жолдауының аясында және «Сарыарқа магистральдық газ құбыры құрылысын уақтылы аяқтау туралы Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. 2018 жылдың желтоқсан айында Елбасының қатысуымен өткен Телекөпір барысында газ құбырының құрылысын бастау рәсімі өтті. Биылғы қаңтарда техника мен адамдарды жұмылдыру, наурыз айында газ құбырын дәнекерлеу жұмыстары басталды. Құрылыс барысында 1 мыңнан астам техника және шамамен 2 мың адам жұмысқа тартылды», - делінген министрлік мәліметінде.
Сонымен қатар, құрылыс барысында отандық өндірушілер барынша жұмылдырылды. Бас мердігер – отандық «ҚазҚұрылысСервис» компаниясы. Ілмекті арматура және кран тораптарымен жергілікті өндіруші «Бемер Арматурен Қазақстан» компаниясы, ал автоматтандырылған газ тарату станцияларымен «Батыс Мұнай Газ жабдықтары» компаниялары қамтамасыз етті.
«Нормативті мерзіммен салыстырғанда айтарлықтай қысқа мерзімде 1061,3 километр газ құбыры, 5 бірлік қуатты автоматтандырылған газ тарату станциясы, сондай-ақ газ өлшеу стансасы салынды. Бұл жұмыстың үйлесімділігін және біздің мамандарымыздың жоғары кәсіби даярлығын, құрылыс барысында пайдаланылған технологиялардың инновациялығын көрсетеді», - деп аталып өткен хабарламада.
Тұтастай алғанда, жобаны іске асыру мультипликативті әсер әкелетінін, шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, сондай-ақ газ құбыры бойындағы өңірлер инфрақұрылымының дамуына серпін беретінін атап өткен жөн.