28 там, 2019 сағат 13:06

«Сарыарқа» газы жекеменшік үйлерге қашан қосылады?

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов елордадағы меншік үйлерге газ қашан қосылатыны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білетіндей, «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысы жыл соңында аяқталады. Біз қазіргі таңда қалада газ қабылдау мен тарату жұмысын екі бағытта жүргізіліп жатыр. Біріншісі: газ тарату коммуникацияларын «ЖЭО-1» мен «ЖЭО-2»-ге тарту жұмысы. Газдың негізгі тұтынушылары осы екі орталық болады. Астанаға келетін газдың 90 пайызын «ЖЭО-1» мен «ЖЭО-2» тұтынады. Екінші жұмыс, халық үшін газ тарату желілерінің құрылысын жүргізу. Жалпы, жоғарыда аталған жұмыстың жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Ол құжат мемлекеттік сараптамада жатыр», - деді Ермек Қизатов Энергетика министрлігінде өткен отырыстан кейін тілшілерге.

Әкім орынбасарының айтуынша, халыққа газ тарату желілерінің құрылысын жүргізетін мердігерлер бекітіліп қойған. Жуық арада шешуші келісімнен кейін мердігерлер жұмысқа кірісіп кетпек.

«Яғни, келесі жылы халық жеткізілген газдың қызығын көре бастайды. Елордадағы «ЖЭО-1» мен «ЖЭО-2»-де жаңғырту жұмыстары келесі жылдың наурыз бен шілде айларында басталады. Осылайша, алдағы жылдаекеуін газға ауыстырамыз. Бұл – айтарлықтай күрделі процесс», - деді ол.

Сонымен қатар Ермек Қизатов елордада шетіндегі ауылдарға бірінші газ берілетінін нақты айта алмайтынын айтты.

«Осы ауылға, көшеге немесе үйге газ бірінші барады деп тап басып айта алмаймын. Себебі, жоспар бойынша газ тарататын желілерді салып жатырмыз. Яғни, әрбір адамның есік алдына дейін газ әкелеміз. Содан кейін әр үймен жеке келісімшарт жасалып, үй газ желісіне қосылады. Ендігі жылы шілденің аяғына қарай меншік үйлерге газ қосуға дайын боламыз. Тарифке өзгеріс болуы мүмкін. Қазір есептеліп жатыр. Қымбаттауы да, арзандауы да ықтимал. Газ бізге қандай бағамен келсе, баға соған байланысты болады», - деді Ермек Қизатов.