24 қаз, 2019 сағат 18:30

Сарыағашта жасөспірім қызды зорлады деген күдікпен ер адам ұсталды

Сарыағаш ауданында жасөспірім қызды зорлады деген күдікпен ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық ПД департаментінің мәліметінше, 23 қазан күні Сарыағаш аудандық ПБ Өзбекстан республикасының азаматшасы арызданған. Ол өзінің жасөспірім қызын біреулер зорлап кеткені туралы айтқан.

Аталған арыз бойынша тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, қамауға алды.

«Осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Бірнеше сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу кезінде болған жағдайдың мән-жайлары анықталатын болады. Ал, қызды екі адам қорлаған деген ақпарат шындыққа жанаспайды» делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін осы өңірдің қоғамдық белсендігі Құрманғазы Мүсір өзінің facebook-тегі парақшасында Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков пен еліміздің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саинге хабарлама жазып, осы жағдайды бақылауға алу туралы сұраныс жасаған болатын.

Оның айтуынша, екі ер адам жасөспірім қызды пышақпен қорқытып, зорлау әрекеттерін жасаған.