Түркістан облысының Сарыағаш ауданында қуаттылығы 20 МВт құрайтын күн электр стансасының құрылысы аяқталуға жақын. Жобаны қазақстандық «EcoProTech-Astana» компаниясы германиялық «DERA GmbH» компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Түркістан» ƏКК» АҚ филиалы - «TURKISTAN INVEST» компаниясының мәліметінше, жаңа станса құрылысы аясында 77 мыңнан астам фотоэлектрлік модуль, 10 инвертор мен трансформатор, сондай-ақ, 10 таратушы құрылғы орнатылады деп жоспарланған. «Жасыл» энергия көздерінен өндірілген электр энергиясы «KEGOC»-қа жеткізілмек.
Тартылған инвестиция құны 35 млн доллар. Жобаны жүзеге асыру аясында 20 жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі уақытта 42 гектар жердегі құрылыс алаңында модульдерге арналған металл конструкциялар салынған. Ағымдағы жылдың ақпан айында күн батареялары мен трансформаторлар блогы орнатылады.
Электр стансасы ағымдағы жылдың наурыз айында іске қосылады деп жоспарланып отыр.