14 мам, 2019 сағат 13:45

Сарыағашта «ақылды» жаяу жүргіншілер жолағы пайда болды


Түркістан облысының Сарыағаш ауданында цифрландыру бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында «Smart city – Saryagаsh» жобасы әзірленді. Ондағы басты міндет – Сарыағашты ақылды қалаға айналдыру.

«Smart city – Saryagаsh» 14 жобадан тұрады, оның ішінде «ақылды» жаяу жүргіншілер жолағы жобасы бар. Бұл жобаның бастауы Исмаилов пен Ермеков көшелерінің қиылысында пайда болды. Жергілікті тұрғындар «ақылды жаяу жүргіншілер жолағының» артықшылықтарын оң қабылдады. Олардың айтуынша, кешкі серуенге шығу және жаяу жүргіншілер жолағынан өту әлде қайда қауіпсіз әрі тиімді болмақ.

«Ақылды» жаяу жүргіншілер жолағы жобасының міндеті – жаяу жүргіншілер жолдарында қауіпсіздікті сақтау. Жобаның ерекшелігі, жаяу жүргіншілердің қоғалысын сезетін «датчигтер» орнатылған. Түнгі уақытта жолақтың жарық көлемі артып, жүргізуші алдағы кедергіні алдын ала көріп, көлікті тоқтата алады. Ал, жаяу жүргінші сол жолдан кауіпсіз өте алатын болады.

«Интеллектуалды жаяу жүргіншілер жолағы» жобасы Нұр-сұлтан, Атырау, Қостанай қалалары бойынша да жүзеге асып жатыр. «Ақылды» қалалардың жаһандық рейтингтерінің біріне кіретін Қазақстан қалаларының ішінде Нұр-сұлтан, Алматы қалалары көш бастап тұр. Ал, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласы, Санкт-Петербург, Рио-де-Жанейро, Кейптаун сияқты басқа қалаларды басып озып, 165 қаланың ішінен 118-орынды иеленген.

Сонымен қатар,  2018 жылғы «Innovation Cities Index» рейтингінде Алматы қаласы 400 орынды, Нұр-сұлтан қаласы 500 қала ішінен 460 орынды иеленді. Сондай-ақ, Орталық Азиядағы алғашқы қалалардың бірі Нұр-сұлтан қаласы ақылды қаланың жетілуін бағалау моделіне негізделген (Smart City Maturity) «IDC Smart City» халықаралық рейтингіне енген.