Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы пысықталып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Мәжілісте мақұлданған заң жобасын жоғарғы палатада одан әрі қарауға Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов жауапты болып белгіленді. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волковтың айтуынша, сенаторлар 17 сәуірде заң жобасын әзірлеушілермен бірге жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізді.
Құжатқа жауапты С.Еңсегенов «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңының жобасын әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибелер мұқият зерделеніп, ескерілгенін атап өтті. Сенатор сондай-ақ бұл заң жобалары Қазақстан азаматтарының Конституцияда бекітілген бейбіт және қарусыз жиналып, пикетке шығу, жиналыс, митингілер, демонстрация мен шеру өткізу кезіндегі туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталғанын жеткізді.
«Құжатта бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізудің негізгі қағидаттары белгіленген. Олар біріншіден заңдылық, бейбіт жиналыстарға азаматтардың қатысуының еріктілігі, бейбіт жиналыстар өткізу кезінде күш қолданбау сипатында болуы, бейбіт жиналыстарды өткізу пайдасына презумпциясы және тараптардың жауапкершілігі, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуі», - деді С.Еңсегенов.
Сенатор заң жобасында бейбіт жиналыстарды өткізуге қатысты хабарлама, өтініш беру және оларды қарау мерзімі нақтыланғанын айта келіп, жергілікті өкілді органдар бейбіт жиналыстарды өткізу үшін арнайы орын белгілеуі қажет екенін және ол орындар елді мекендердің шетінде емес, орталығында болуы нақты жазылғанын хабарлады.
С.Еңсегенов «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасына қосымша ілеспе құжат та дайындалғанын атап өтті.
«Ілеспе заң қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Яғни, 3 кодекс пен 8 заңға өзгерістер енгізіледі. Бұл енгізілетін өзгерістер «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңда көзделген шараларды іске асыруға бағытталған», - деді депутат.
Айта кетейік, бүгін Сенатта депутат Владимир Волковтың төрағалық етуімен Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобалары қаралды.