Фото: Ult.kz
Көрнекті жазушы, танымал журналист, білікті аудармашы Сарбас Ақтаев 90 жастан асып отыр. Әйтсе де әлі тың, әлі бақуат. Жазуын да жазып, әдемі әңгімесін де айтып отыр. Оның қаламынан «Дала туралы толғау», «Бұлар бірінші болып еді», «Қапшағай хикаясы», «Алтын қалам», «Шарапатты шаңырақ», «Абылай хан» сынды әдеби-публицистикалық шығармалар дүниеге келген. Сонымен қатар «Тұңғыш кітап», «Оқжетпес» атты өлеңдер жинағы да бар. Көркем аудармамен де айналысқан қаламгер 12 роман, 20-ға жуық хикаят аударған. Ult.kz тілшісі ардагер журналистің әңгімесін тыңдап қайтты.
Журналистика үшін ақындығымды құрбан еттім
Бүгінде ұлт баспасөзінің ардақты ақсақалы болып отырмын ғой. Республикалық жетекші газет-журналдарда басшылық қызмет атқардым. «Ара – Шмель» журналы, «Жетісу» газеті, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жемісті еңбек еттім. Тәуелсіз Қазақстанның ақпарат кеңістігінде тыңнан түрен салып, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленген «Халық кеңесі» газетінің және «Ақиқат» журналының бас редакторы болдым.
«Ақындықты құрбан қылдым» деп ренжиді деген сөзге орай айтатыным, шынында, ол кезде бұл саналы түрде таңдаған мамандығым болды. Бірақ кейде әртүрлі көңіл күй болады. Сондайда:
«Ақындықты әкімдікке құрбан қып,
Жүрген жандар нағыз Құдай ұрған жұрт.
Жаттап айтқан мың сөзінен әкімнің,
Жүрекжарды бір сөзі артық ақынның», – деп айтқаным бар.
Ақындық деген сүйекпен бітіп, құйылып берілген дүние. Ол қанша құрбан қылғанымен, ешқашан сөнбейді. Ал қабілеттің бір қырын шыңдау үшін, өткірлеп ұштау үшін, бір қырын уақытша болса да, құрбан қылуға болады. Менің «өлеңді құрбан қылдым» дейтінім содан болар. Бірақ өмірбақи жазып жүрген соң, ол қалмайды. Сені күндіз болмаса, түнде тауып алады.
Шынында да, басылым үшін ақын деген құт, ол – тағдыр тарту еткен несібе. Ақын ойы ұшқыр, қаламы жүйрік, сауатты, сан салалы болса, ол, әрине, сол ұйымның, сол мекеменің шын мәніндегі тірегі де, ұйытқысы да болады.
Біздің досымыз Шерхан: «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп айтатын. Сол сияқты журналистің шын мәнінде еңбегі онша еленді деп айта алмаймын. Қазір де солай. Журналисті елеудің орнына, кемшілігін тапқысы келетіндер көп. Біздің кездегі журналист кемшілікті дұрыс қазып, сынды әділ жазса, оған басшылары ғана емес, халықтың өзі бағасын беретін. Сөйтіп, аты аңызға айналатын. Мәселен, «Егемен Қазақстанда» да, «Жетісуда» да газеттің айдарларын, тақырыптарын өмір-бақи өлеңмен жазып беріппін. Кейбір шаруашылықтар, кейбір аудандар, сол газетте шыққан қанатты сөздерді темірге, тақтайшаға жазып, іліп қояды екен. Соны іссапарға шыққанда көріп, еңбегіміз еленіп, ақындарды да жұрт осылай сыйлайды екен ғой деген ой келді. Шынында да еңбек далаға кетпеген ғой деймін.
Еңбек деген не? Еңбек, шынында, журналистер мемлекеттік марапатқа онша көп ілікпейді. Осы күнге дейін Қазақстанда Мемлекеттік сыйлық алған бір журналист жоқ. Сауытбек алды, ол бірақ әдеби еңбегі үшін, Әбіштің шығармашылық еңбектерін зерттеп алды. Ал, жалпы, журналистен сыйлық алғаны жоқ. Бұрын да солай болған, қазір де солай ғой деймін. Жыл сайын шаруашылық адамдарына, мұғалімдерге, дәрігерлерге марапат, награда беріліп жатады. Соның ішінде журналист ілуде біреу-ақ. Ал Журналистер одағы ондайға араласпайды. Журналистердің еңбегі көп бағаланбайды.
Мен өзім марапаттан кендемін деп айта алмаймын. Алғашқы орденді – «Құрмет» белгісін «Жетісудан» «Егеменге» ауысқан кезде алдым. Өйткені оған Алматы облысының атынан ұсынылыппын. Тоғыз жылғы еңбегім, қаншама Жетісу өңірінің ардагерлерін, азаматтарын жарыққа шығарған еңбегімді үлкен газетке ауысқан соң ғана елеген болу керек, сонда алдым. Екінші орденді «Егеменнен» алдым. Ал журналистерді көбіне басқа қызметке онша елемейді. Мәселен, облыстық газетке әдеби қызметкер болып барардың алдында облыстық комсомол комитеті лекторлар тобының жетекшілігіне шақырған. Мен соны құрбан етіп, 60 сомдай артығына қарамай, 880 сомдық әдеби қызметкерлікке келдім. Сол комсомолда жүрсем, артынан партиялық қызметке ауысамын. Мүмкін, бізді бірінші қылмас, хатшы қылса, идеология жөніндегі хатшы қылады, сосын біріншінің сөзін жазып, бүкіл құжаттаманы ақтарып отыратын адам болатын едім деп ойлаймын. Осы журналистикада 80-ге дейін шаршамай, шаң жұқтырмай келгенім әлдеқайда дұрыс болды деп есептеймін.
«Халық кеңесі» «Егеменге» бәсекелес болды
Қайта құру жарияланған кезде бәсекелестік тұрғыдан сайланған Жоғарғы кеңес болатын. Олар газет шығаратын болып, соны маған жүктеді. Жоғарғы кеңестің сессиясында «Халық кеңесі» газетінің редакторы етіп бекітті. Ылғи жас журналистерді іріктеп, Ж.Кенжалин, М.Тоқашбаев – барлығының басын қосып, тату ұжым жасадым. Жақсы газет болды. Алғашқы жылдың өзінде-ақ жұрт сұранысына ие болды. Артынан еңбекақысын, қаламақысын – бәрін түзеп алып, біраз жұмыс істедік. Содан не керек, «Егеменнің» алдын орап кетеміз, көп дүниені одан бұрын шығарамыз. Депутаттардың пікірін арқау ете отырып, сын мақалалар жазамыз. Олар, әрине, салмақты, салиқалы мақалалар болып шығады. Содан жұрт «Халық кеңесіне» қарай ауыса бастағанда «Егеменнің» жігіттері «мұны жабу керек» деп шықты. Одан кейін Жоғары кеңес тарап кетті, ол тарағанда мені шақырып алды да, «Ақиқат» журналына бас редактор болып барасыз, 4–5 жыл жұмыс істеп бересіз» деді.
«Егемендік туралы» декларацияның жазылуында еңбегіміз бар. Сол газеттің бірінші нөміріне халықаралық азаматтық жөніндегі декларация баяғыда «Известияда» жарияланыпты. Соны алып, қазақшаға аудардым. Сондағы көп дүние, баптар, көп термин біздің сол декларациямызда жатыр. Ол декларацияның басқалардан өзгешелігі де бар, бірақ ол кезде Кеңес Одағы тараған жоқ. Мәскеуге бағыныштылық бар. Оның да салқыны жоқ емес. Бірақ тұңғыш егемен ел, өз тағдырын өзі шешуге қақылы деген қағиданы сол декларацияда бердік.
Біз енді тәртіптің адамымыз ғой. Кемшіліктер болып жататын шығар. Бірақ мен отбасыма, істеген қызметіме, жүрген ортама адалмын. Біреуді артық не кем көргенім жоқ, барлығын тең тұттым.
Аудармашыға қаламгер болу міндетті
Біздің қазақ аудармаларының көбін шенеуніктер аударады, доғал болатыны оны қаламгер аудармайтынынан. Аудармашы әрі қаламгер болу керек, ақын болса құба-құп. Ол зерттеуші болу қажет. Ол көп оқитын болу керек, аударатын тілді ғана емес қазақ тілін жетік меңгеруге тиіс. Бүкіл нюанстарын жете білетін адам болуы керек.
Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би дейді. Осыған менің дауым бар. Біз осы еншілеп алуға құмармыз. Аталарымызға Майқы би Шыңғыс ханның нөкері, қазақ даласынан шыққан 14 би Шыңғыс ханды хан көтерді деген сөз бар. Ол 1200 жылдың шамасы еді, сонда қазақтың тілі сол жылдан қалыптасқан жоқ қой. Қазақ тілі одан бұрын қалыптасқан, оны «түгел сөздің түбі бір, түп атасы түрік тіл» деп өзгертуі керек деп ойлаймын.
«Тең – теңімен, тезек – қабымен» деп жүрміз. Мұны біз кәдімгі бір жақсы жағынан, тең – теңімен деп жастарға байланысты айтамыз. Ол, жарайды, дұрыс болсын, бірақ ол неге тезек қабымен жүреді? Менің ойымша, бұрын керуен тартқан, теңдеп жүк әкелген, жолда түстенген, қонған. Оған от жағу керек, ол үшін қабымен тезек жүру қажет. Сонда артатын жүк «тең теңімен тұрсын, ал тезек қабымен тұрсын» деген сөз ол.
«Дүние – жалған дейміз. Ол дүние емес, дүния жалған. «Дүния» деген өмір деген сөз, ал дүние – мүлік деген сөз. Сондықтан «дүния – жалған» деп жазу керек.
Бауырсақ деген сөзді аударамыз. Ол – піскен нан. Ал қазақ айтқан, «Өгей ене – бауырсақ, көрде жатып қол бұлғар» дейді. Бауырсақтың, керісінше, теріс ыңғай мағынасы да бар.
Сұқбат деген сөзді «Егемен Қазақстанда» жүргенде «Сиезден кейінгі сұқбат» деп мен енгіздім. Сұқбат деген әңгіме ғой, орысша «беседа». Абай айтқан, «жарайды, ер табылса, қылса сұқбат» дейтіні бар ғой. Соған қарсылар да болды. Бірақ сұқбат сөзі сіңіп кетті.
Нарық сөзін де осылай қазақтың санасына сіңіргенмін. Бағдарлама, айқындама, тұжырымдама – соның барлығы мен енгізген дүниелер.
«Егемен Қазақстанда» жүргенде жалпы 500-ден аса бас мақала жазған адаммын. Мен олардың барлығы стандарт деп ойламаймын. «Егемен Қазақстанда» сьезден, пленумнан, кейінгі төрт бағандық, бес бағандық бас мақалалардың барлығын жазған мен болатынмын. Өзім жазған бас мақалалардың, мораль тақырыбындағы бас мақалалар бар, солардың, кем дегенде, елу пайызы ағып тұрған публицистика болатын.
Михаил Булгаковты аударған, кино түсірген, рөлде ойнаған адамның өмірінде қиындықтар көп болады деп жатады. Мен Булгаковты аударайын деген ойым жоқ еді. «Дәрігердің жазбалары», «Ақ гвардия», «Мастер мен Маргаритаға» батылым бармай, тісім батпай, қолым жетпей жүрген. «Қайтсеңіз де, осыны аударып беріңіз» деп болмаған соң, алғаным рас. Оны көп зерттедім. Ең бастысы, менің бір ерекшелігім, аударған авторымды зерттеп, сол жөнінде эссе дейсің бе, очерк дейсің бе – сондай зерттеу дүние жазамын. Кітапта сол бар. Кітап шығатын болды, артынан қарасам, бұл Булгаковтың шығармаларын киноға түсірген, экранға шығарған, жалпы, осыны зерттеген жігіттердің біразы ішектеніп, ауырады. Рөлін ойнаған әртістер де оқыс оқиғаға ұшырап жатады екен. Мен олай ойлаған жоқ едім, сол жылы белім бастырмай қалды. Сөйтіп, қозғалуым қиын болып, жүре алмадым. Министрлер кабинетінің ауруханасында ота жасап, Петербургтен Қарабаев деген профессор шақыртып, аман қалғанмын. Құдайға шүкір, қазір сегіз жылға жақындады, Булгаковтың бұл шығармасы қазақша екі рет шықты. Оның дұрыс аударылғанына орай «Алаш» сыйлығын берді. Қазақша, қазақ ұғымына келетін дүниелерді ескеру керек. Осындай оқиға болып, отаға түсіп, әйтеуір, аман қалдым. Сондай әсері бар, жалпы, Булгаков деген тегін адам емес.
Әңгімелескен:
Ақбота Мұсабекқызы
- ВКонтакте
- Telegram
- Viber
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- РњРѕР№ Р В Р’В Р РЋРЎв„ўР В Р’В Р РЋРІР‚ВВВВВВВВРЎР‚
- СілтеРСВВВВВВВВВР В Р’Вµ