15 мам, 2020 сағат 12:43

Сарапшылар Қазақстан экономикасына ықпал ететін аспектілерді талқылады

Whiteshield Partners консалтинг компаниясының менеджері Дмитрий Галицкий Әлемдік экономика және саясат институтымен бірлесе жүргізілген Қазақстанның экономикасына қатысты зерттеу нәтижесі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның тұрақтылығы мен макроэкономикалық жүйесіне елеулі ықпал ететін бірнеше аспекті бар. Біріншіден, шикізатқа тәуелділік бюджет кірісін құбылмалы етіп отыр. Шын мәнінде, бюджет кірісінің жартысы шикізаттық емес сектормен қалыптасады. Осы арқылы шығыстар тұрғысында теңгерімсіздік деңгейі орын алады», - деп тоқталды Д. Галицкий зерттеу нәтижелерін таныстыру барысында. 

Оның айтуынша, мұнайға деген жаһандық сұраныстың жоғары деңгейі 2030-2035 жылдарға тиесілі болады, одан кейін сұраныс біртіндеп төмендей бастайды. Бұл тұрғыда Қазақстанда экономикадағы қайта құру шараларын іске асыруы үшін 10-15 жыл уақыт бар.

«Біз осы зерттеуді коронавирус пен мұнай бағасының құлдырауына байланысты оқиғаға дейін бастаған едік. Сондықтан қазіргі жағдайды назарға алар болсақ, мұнайға сұраныстың жоғары кезеңі жақындай түсуі мүмкін. Сәйкесінше, құрылымдық өзгерістердің қажеттігі артып келеді», - деді сарапшы. 

Осы орайда ол елдің жалпы бюджетінде шикізаттық кірістің көлемі жоғары болуына байланысты құбылмалы көрсеткіштер болатынын еске салды. Бұл тұрғыда бюджеттің кірістері мен шығыстарын жоспарлауда кейбір қиындықтар орын алады.