05 сәу, 2021 сағат 10:16

Саран қаласында шина шығаратын зауыттың құрылысы басталды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Татарстан Президенті Рустам Минниханов Қарағанды облысының Саран қаласында шина шығаратын зауыттың құрылысын бастап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жобаны «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ және «Татнефть» ЖАҚ бірлескен кәсіпорны – «KamaTyresKZ» ЖШС жүзеге асырады. 

Зауыттың өндірістік қуаты бірінші кезеңде жыл сайын 3,5 млн көпбейінді шинаны құрайды, кейіннен жылына 9 млн шинаға дейін жеткізіледі. Зауыт ҚР автомобиль өндірісін оқшаулау деңгейін арттыруға және шиналар импортын алмастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте өнімнің 40%-ын экспорттау жоспарлануда. Жобаны 2022 жылдың соңында іске асыру жоспарланған. Инвестициялардың жалпы көлемі 125 млрд теңгені құрайды.

Зауытта 1100-ден астам жоғары білікті жаңа жұмыс орындары құрылатын болады. Кәсіпорын персоналы «Татнефть» ЖАҚ шина кәсіпорындарында тағылымдамадан өте бастады. 

 

Үкімет басшысы шина зауытын салу жобасы Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның нақты іс жүзінде кеңейгенін айғақтайтынын атап өтті.

«Саран қаласында шина зауытын салу Қарағанды облысының және жалпы Қазақстанның экономикасына мультипликативті әсерін тигізеді, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады және жоғары білікті жаңа жұмыс орындарын құрады. Зауыт өңірдегі ең ірі зауыттардың біріне айналады, оның өнімдері жоғары экспорттық әлеуетке ие болады», — деді А. Мамин. Татарстан Президенті Р. Минниханов өз сөзінде Қазақстан Татарстанның жетекші шетелдік серіктестерінің бірі болып табылатынын атап өтті. 2020 жылы пандемияға қарамастан тауар айналымы 14%-ға өсіп, $630 млн-нан асты. «Шина зауытының салынуы мен іске қосылуы Қазақстанның қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенінің маңызды элементіне айналатынына, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының қарым-қатынасын нығайту жолында Татарстан-Қазақстан ынтымақтастығын одан әрі арттыруға түрткі болады деп сенемін», — деді ол.

 

Индустриялық аймақ аумағында шина зауытының құрылысы үшін бетон құю рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов, «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев және «KamaTyresKZ» ЖШС директоры Александр Смышляев қатысты. 

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин мен Татарстан Президенті Р. Миннихановтың қатысуымен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Татнефть» ЖАҚ арасында битумды модификациялауда, адгезивтерді, желімдерді, резеңкелер мен экологиялық таза шиналарды дайындауда қолданылатын бутадиен каучуктерін өндіру жобасы бойынша ынтымақтастықтың базалық шарттары туралы келісімге қол қойылды. 

Жобаны іске асыру мерзімі – 2021-2025 жылдары, өндіріс қуаты жылына 186 мың тонна бутадиен каучугы мен 170 мың тонна изобутанды құрайтын болады. Бұдан басқа, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Татнефть» ЖАҚ арасында Қазақстанда битум зауытын салу ниеті туралы келісімге қол қойылды.

 

Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Үкіметінің басшысы мен Татарстан Президенті сонымен қатар «Солтүстік-Оңтүстік» бағыты бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің сауда ағымын байланыстырып отырған ҚР-дағы ең ірі «Global City» көтерме-тарату орталығының жұмысымен танысты.