Биылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға мемлекет тарапынан 116,8 млрд теңге кредит қаржысы қарастырылған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл егіс жұмыстарын жүргізу үшін Энергетика министрлігінің келісімімен ақпан-маусым айларына шамамен 380 мың тонна дизель отыны бөлінді. Қазіргі уақытта облыстардың операторлары мұнай өңдеу зауыттарымен шарттар жасасу және диқандар үшін дизель отынын тиеп-жөнелту рәсімдерін жүргізуде. Кестенің қолданылу кезеңінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп. өңірлерге мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынының тиеп-жөнелтілуіне күн сайын мониторинг жүргізіп отыр», - деді Сапархан Омаров.
Министрдің атап өтуінше, биылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға мемлекет тарапынан 116,8 млрд теңге кредиттік қаржы қарастырылып отыр. Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау іс-шараларын жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ республикалық бюджеттен көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлді.
«Бүгінгі күні «Кең дала» бағдарламасы аясында 48,6 млрд теңге сомасына 1 326 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды. Тағы 562 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 10,6 млрд теңге сомасына қаржыландырылу сатысында. Сонымен қатар, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ кредиттер көлемі 6 млн теңгеден аспайтын көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді қаржыландыратынын да атап өту қажет. Бүгінгі таңда 60-тан астам ұсақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 370 млн теңгеден астам қаражат берілді», - деді ол.