27 қаң, 2018 сағат 10:46

Сапарбаев орамал мәселесін шешуге үш ай уақыт берді

Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаев барлық аудан әкімініе орамал мәселесін үш айда жоюға тапсырма берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпаратAktobenews.kz порталына сілтеме жасап.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, мектеп формасын сақтамай жүрген оқушылардың саны 396-дан 197-ге дейін кеміген.

«Бұл мәселе бойынша Мұғалжар, Темір аудандары және Ақтөбе қаласы жақсы жұмыс істеді. Дегенмен, бұл мәселе күрделі болып тұр. Аталған аудандармен қоса Алға, Шалқар, Қарғалы, Хромтау және Қобда аудандарының әкімдері бұл мәселеге ерекше назар аударулары қажет», — деді Ербол Нұрғалиев.

Бұны естіген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің орынбасарына бұл мәселені үш айдың ішінде шешуге тапсырма берді.

«Кеше ғана Ақордада үлкен жиын өтті. Сонда мектеп формасы жайлы Білім және ғылым министрлігінің ережесі бар екені айтылды. Бұл мәселе бойынша барлығымыз бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Бұл жерде ата-аналар кінәлі. Жұмыс істеліп жатыр, бірақ нәтижесі нашар. Әкімдерге тапсырма беремін: үш айдың ішінде 197 бала мектеп формасына көшулері тиіс. Бұған облыс әкімінің орынбасары Нұрғалиев жауапты», — деді Бердібек Сапарбаев.