25 жел, 2017 сағат 19:01

Сапарбаев: Қыздар жігіттерді сабайтын жағдайға жеттік

Ақтөбеде жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қыздар арасындағы төбелес пен қыздардың жігіттерді сабау дерегі жиі тіркелетінін айтып, жұмысты күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақтөбе халқының 27 пайызын жастар құрайды. Облыс халқының 222 мыңы жастар болса, оның 51 мыңнан астамы орта арнаулы немесе жоғары оқу орнында білім алады. Өңірде 69 жастар ісі жөніндегі комитет жұмыс істеп тұр. Ақтөбе облыстық әкімдігінде өткен жастар ісі жөніндегі кеңесте жастарды жұмыспен қамту, бос уақыттарын тиімді пайдалану, олардың белсенділігін арттыру сөз болды. Бұл салаға жыл сайын 480 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Дегенмен жылдың қорытындысы тыңдалған кеңесте кемшіліктер тізбектелді.

«Спорт, мәдени ғимараттар бос тұрмауы қажет. Олар таңның атысы, күннің батысына дейін жұмыс істеуі керек. «Демалыс, мереке күндері кешкілік қайда баратынымызды білмейміз» деп айтады. Жастар түнгі клубта жүреді, төбелеседі. Ақшасын бекер шашады. Сол күші мен қаржысын денсаулығына, ой-өресін көтеруге жұмсаса, қыз-жігіттердің болашағы жаман болмайды. Өкініштісі, түнгі сағат 3-4 болғанда жастар клубтан шығып, төбелеседі. Қыздар қыздармен төбелеседі, қыздар жігіттерді сабайды. Кейінгі кезде сондай дерек жиілеп барады. Осы мәселені зерттеп, ата-аналармен жұмысты күшейту керек. Көбі колледж студенті екен. Ата-анасы «балам, қызым оқып жүр, бәрі жақсы» деп ойлайды. Зейнетақы, жәрдемақысынан жырып, баласына жібереді. Ал олар қалада қыдырып жүреді. Соны бақылып, жұмысты жандандыру керек», - деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы кез келген іс-шараның нәтижесі болуын тапсырды. Мәселен, «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында жұмыс жүргізіліп, жалпы қылмыс 28 пайызға азайды. Бірақ жастар арасындағы қылмыс биыл 43 пайызға өсті. Үш адам қаза тапты. Ал зорлық 16-дан 23-ке жетті. Өсім бұл бағытта да бар.

«Төбелесетін жастардың барлығын 15 күнге қамау керек. Ата-анасын шақыртып, олардың аты-жөндерін баспасөзге жариялау керек. Сол кезде тәртіп болады. Ата-ана баласының, қоғамның алдында жауапкершілігін сезіну керек. Бізде оқу орнына, билікке, полицияға жүк артып қойған», - деді Б.Сапарбаев.