20 сәу, 2018 сағат 14:07

Сапарбаев: Хиджаб мәселесіне қатысты жұмыстарды жалғыстыра береміз

Ақтөбеде мектепке хиджап киіп келетін 33 оқушы қалып отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Хиджап мәселесінде заңға сәйкес жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ол жұмыстарды ары қарай жалғастырамыз. Оған қоғамдық ұйымдарды да жұмылдыру қажет. Бізде хиджап киетін балалардың саны 530 болатын. Қазір 33 бала қалды. Олардың ата-аналарымен жұмыс істеп, түсіндіріп жатырмыз», - деді облыс басшысы.

Оның айтуынша, талап барлық балаға бірдей болуы керек. Барлық бала қазіргі заманның талабына, мүмкіндігіне сай білім алуы, емін-еркін ойнауы, спортпен айналысуы керек.

«Бұл ата-ана ретіндегі барлығымыздың міндетіміз, парызымыз. Егер біз балаларымыздың алдындағы парызымызды, міндетімізді орындамасақ, ертең ол балалар өскеннен кейін бізге реніш білдіреді. Олар қатарластарынан кем болады. Кезінде олар көнбейтін болса, бұл іске өзімнің де  араласатындығымды айтқанмын. Бірақ, қазір жұмыстың нәтижесі бар», - деді Бердібек Сапарбаев.