- «Ұлы Қабырға» Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясы соңғы екі жылда жұмысшыларын екі есе қысқартты. Қазір 946 адам тізімде болса, оның тең жартысы ақысыз демалысқа шығарылған.
Бүгін 2016 жылдың қорытындысы тыңдалып, ірі мұнай компанияларының тапсырысын қабылдап, бұрғылау жұмыстарын жүргізетін «Ұлы Қабырға» компаниясы мен кәсіподақ, әкімдік үшжақты меморандумға қол қоюы тиіс болатын. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев іс жүзінде орындалмайтын меморандумға қол қоюдан бас тартып, келісімшартты орындамайтын мұнай компаниясын жабуды ұсынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Ұлы Қабырға» компания соңғы жылдары тек шығынға батып отыр. Құрылтайшылардан да қайран жоқ. Олар соңғы жылы 100 миллион доллар инвестиция құйғанымен, бәрі қарызды жабуға жұмсалған. Бүгін компанияның бас директоры Чжан Цхюань жұмысшылар мен кәсіподақ, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың алдында есеп берді. Жыл қорытындысы мәз емес.
«Компанияда 946 жұмысшы бар. Оның 855-і қазақстандық, 66-ы қытайлық жұмысшы. Қазіргі уақытта 25 әйел бала күтімімен үйлерінде отыр. Айта кетсем, 2016 жылы компания табысы 4 миллиард 600 миллион теңгені құрады. Табыстың 30 пайызы жалақы төлеуге жұмсалды. Сондықтан, қазір 393 жұмысшы ақысыз демалысқа жіберілген», - деді компанияның бас директоры Чжан Цхюань.
«Ұлы Қабырға» ЖШС-і мұнай бағасының арзандап, нарықтағы бұрғылау жұмыстарына тапсырыс берушілердің төмендеуі кезінде жұмысшыларын қыстарту жолымен компанияны сақтап отыр. Облыстық кәсіподақ, әкімдік пен компания арасында өткен жылы 10 талаптан тұратын меморандумға қол қойылса, оның алты тармағы бойынша міндеттер орындалмаған. Басты талап - жұмысшылар санын сақтап қалу. Бұл талапты орындауға компанияның күші жетпеді.
«Өткен жылы жіберген кемшіліктерден компания басшылығы нәтиже шығарған жоқ. Компания басшылығы тек Ақтөбеден емес, көрші Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау өңірлеріне барып, жұмыс табуы қажет еді. Әкімдік тарапынан көмек қажет болса, келісімге дайын болдық. Үкіметте де отырыс болды. Нарықтағы мұнай бағасы тұрақталған соң құрылтайшылар мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы қосымша 23 миллион доллар инвестиция салып, бұрғылау жұмыстарына тапсырыс берді. Сол арқылы жұмысшыларды қысқарту тоқтатылсын деп айтылды. Өкінішке қарай, жұмысшыларды қысқарту тоқтатылған жоқ. Тек өткен жылы жұмысшылар саны 60 пайызға қысқарды. Мұндай қысқарту Ақтөбенің бірде-бір кәсіпорнында немесе мекемесінде болған жоқ»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ұжымдық келісімшарт пен меморандумды орындамаған «Ұлы қабырға» компаниясының кәсіподақ ұйымы да сынға ілікті. Кәсіподақ жұмысшыларды сақтап қалуды емес, тек қысқартуға келісім беруді құптап келген.
«Жұмысшылардың құқығын қорғауы тиіс кәсіподақ ұйымы еш әрекет ептей отыр. Жұмысшыларды қорғай алмаса кәсіподақ неге қажет? Егер осы жолмен кете берсе, компанияны жабу керек. Бізге проблемасы көп компанияның қажеті жоқ. Қалған 948 адамды жұмыспен қамтамасыз ете аламыз деп ойлаймын. Тіпті, қазір көптеген кәсіпорын ашылып жатыр. Бізде «Ұлы Қабырға» серіктестігінен басқа да жұмыс бар. Қажет болса, біз компанияны жабамыз. Заңды түрде жасалады», - деді Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар, өңір басшысы үшінші, төртінші дәрежелі жұмысшыларды Қытайдан алдыруға тыйым салуды тапсырды. Тіпті, қысқарту болған кезде қазақстандық, қытайлық жұмысшылар тең дәрежеде тізімге алынуын талап етті.
«Қарапайым жұмысшыларды қысқартқан кезде өздеріңді сол адамдардың орнына қоюларың қажет. Олар отбасын қалай асырайды? Басшыларға, кәсіподақ жетекшісіне жақсы. Жұмысы бар, еңбекақыны уақытылы алып отыр. Мұның бәрі қаржыгерлердің, экономистер жұмысының дұрыс жүргізілмегенінен шығып отыр. Егер табыс әкелмесе, компанияның бағытын өзгерткен жөн. Өзге елмен байланыс орнату қажет деп ұсыныс жасаңыздар, көмектесеміз. Ал сіздердің тарапыңыздан мұндай ұсыныс түскен емес. Тек жұмысшыларды қысқартуды білесіңдер», - деді Бердібек Сапарбаев.
Алтынай Сағындықова