Сарысу ауданындағы екі күндік жұмыс сапары барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бірқатар мәдени-әлеуметтік нысандардың, өнеркәсіп және коммуналдық кәсіпорындарының жұмысымен танысты.
Сондай-ақ, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс басшысының аудандағы жұмыс сапары Саудакент ауылынан басталды. Аталған ауылдағы емхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесіне назар аударған Б.Сапарбаев ондағы емделушілердің жай-күйінен хабардар болды.
Техникалық-шығармашылық мектебінде өткен ауыл тұрғындарымен кездесуде Б.Сапарбаев әлеуметтік саланы дамыту, алдағы басымдықтарды анықтау, жердің тиімді пайдаланылуын зерделеу, суармалы алқаптарды кеңейту, шаруа қожалықтарын ірілендіру, мал басын көбейту, шағын несие мен гранттар беру арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту ісіне айрықша көңіл бөлді.
Аймақ басшысы барған келесі нысан – Жаңатас қаласы маңында орналасқан қуаты 100 мегаватт, құны 130 миллион АҚШ долларын құрайтын жел электр станциясы болды. Құрылысы қызу жүріп жатқан ЖЭС-тің бүгінде 20 жел қондырғысы орнатылып үлгерілген. Алдағы уақытта олардың саны 40-қа жетпек. Қазіргі таңда жоғарғы вольтты электр өткізу желілерін тарту, KEGOC бірыңғай операторымен тиісті шарт жасасу шаралары аяқталған. Нысан іске қосылған кезде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, аудандағы жұмыс сапары барысында облыс басшысы ресейлік «Еврохим-Тыңайтқыш» компаниясы минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт құрылысын жалғастыруда. Бұл орайда салынатын инвестиция көлемі 1 млрд. АҚШ долларын құраса, жоба жүзеге асқанда 900-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Айта кетейік, Сарысу ауданындағы апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешілген. Алайда, педагог кадрлардың тапшылығы жоқ емес десек, Түркістан ауылындағы М.Әуезов атындағы мектепке ат басын бұрған облыс әкімі 23 штаттық бірліктің бос тұрғанынан хабардар болды.
«Облысымызда педагогикалық жоғары оқу орны бола тұра, аудандар мұғалім тапшылығы мәселесін бастан кешуі орынсыз», - деді Б.Сапарбаев.
Бұдан соң, облыс әкімі басқа да кәсіпорындар мен ауданда жүзеге асуы жоспарланып отырған жобалармен танысты.
Облыс басшысының аудандағы жұмыс сапары Жаңатас қаласындағы Мәдениет үйіндегі аудан активімен кездесуде түйінделді. Басқосуда жергілікті тұрғындар өңірдегі химиялық өндірістердің қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына зиянды әсері, ауыз судың сапасы, азық-түлік бағасының қымбаттылығы, тұрғын үй қорын қалпына келтіру, мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеу мәселелерін көтерді.
«Біз қолда бар әлеуетті азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, экономиканың өсуі мен әлеуметтік міндеттерді шешу жолында барынша пайдалануға тиіспіз. Ауданның дамуына өз үлесін қосып отырған «Еурохим Тыңайтқыш« және «Қазфосфат« ірі кәсіпорындарының маңызы ерекше.
Азық-түлік бағасы өсіп отырғанын жасыра алмаймыз. Өйткені өзімізден өндірілетін өнім аз. Осы орайда ауыл тұрғындары бірінші кезекте өзін де, облыс халқын да өз азық-түлігімен қамтамасыз етуге барынша атсалысуы тиіс.
Әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға белсенді түрде қатысып, төмен пайызды несиелер арқылы өз кәсіптерін ашуға талпыну керек.
Біз өндіріс орындарының экологиялық нормаларды сақтауын, азаматтардың денсаулығын қорғауды қатаң бақылауда ұстаймыз. Бұл – биліктің негізгі міндеттернінің бірі.
Мен әкімдерге халықпен жиі кездесулер өткізіп, азаматтардың сауалдарына құлақ түріп отыру керектігін баса айтқым келеді. Әкімдердің есептері құрғақ баяндама, бос уәдемен өтпеу керек. Ондай жиындарда маңызды мәселелер көтеріліп, өткір сұрақтарға толық жауаптар берілуі тиіс. Өз халқынан қорқатын әкім – басшы бола алмайды, – деп түйіндеді аймақ басшысы өз сөзін.