04 сәу, 2017 сағат 19:54

Санкт-Петербург метросындағы жарылысты Қырғызстан тумасы жасаған

Ресейдің Тергеу комитеті Санкт-Петербург метросындағы жарылысқа Қырғызстан тумасының қатысы барын растады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап. 

"Тергеу Санкт-Петербург метросындағы жарылыс жасаған ер адамның тұлғасын анықтады. Ол - 01.04.1995 жылы туған Акбаржон Джалилов. Сонымен қатар, "Площадь Восстания" бекетіндегі жарылғыш заты бар сумкадан Джалиловтың генетикалық ізі табылды. Генетикалық сараптама қорытындысы мен бақылау камераларындағы жазба бойынша "Площадь Восстания" бекетінде жарылғыш зат салынған сөмкені тастап кеткен және метро вагонында теракт жасаған - бір адам" делінген РФ Тергеу комитетінің сайтында. 

Айта кетейік, 3 сәуірде Санкт-Петербург метросында болған жарылыстан 11 адам қаза тапты, ал зардап шеккендер саны 50-ге жетті. 

Жарылыс метроның екі бекетінде болған - "Сенная площадь" және "Технологический институт". Екі жарылыстан зардап шеккендер арасында балалардың бары да анықталған. Құтқарушылар жолаушыларды эвакуациялады.

Ресейдің Федералды қауіпсіздік бюросының алдын ала нұсқасы бойынща Санкт-Петербург метросында терактіні ұйымдастырған 1995 жылғы Акбаржон Джалилов. Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті оның Ош қаласының тумасы екенін растап берді.