18 сәу, 2017 сағат 09:52

Санкт-Петербург метросында терактіні ұйымдастырғандардың бірі ұсталды (Видео)

Ресей Федералды қауіпсіздік қызметі (ФҚҚ) 3 сәуір күні Санкт-Петербург метросында лаңкестік актісін ұйымдастырды деген күдікпен 27 жастағы Орталық Азияның тумасы Аброр Азимовты ұстады.

Ресей ФҚҚ Қоғаммен байланыс орталығынан ТАСС агенттігіне хабарлағандай, РФ Федералды қауіпсіздік қызметі Санкт-Петербург метрополитенінде болған террористік актісі бойынша Ресей Тергеу комитеті (ТК) қозғаған қылмыстық іс аясында дүйсенбі күні Мәскеу облысы Одицовск ауданында қылмысты ұйымдастырушылардың бірі, 1990 жылы туған Орталық Азия тумасы Азимов Аброр Ахралұлын ұстады. Ол жанкешті-террорист (метрода жарылыс жасаған) Акбаржон Алимовты дайындаған.

Жедел қызметкерлердің бірі күдіктіден: «Сізді не үшін ұстағанын білесіз бе?», - деп сұрады. «Иә», - деді Азимов. Кейін одан тапанша мен екі смартфон тәркіленді.

Тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренко ТК терактіні ұйымдастырушыларды анықтауды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, 3 сәуір күні Санкт-Петербург метросының «Сенная площадь» бекетінде жарылыс болды. Салдарынан 14 адам қаза тауып, 50 адам жарақаттанды. Ажал құшқандар арасында Қазақстан азаматы, Санкт-Петербург мемлекеттік экономикалық университетінің студенті Максим Арышев болды. 

inform.kz