Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында денсаулық сақтау проблемаларын талқылау кезінде депутат Жәмилә Нұрманбетова СЭС ғимараттарының әбден тозғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы 5-7 жылда қызметтен жоғары білікті мамандардың кетуіне жол беру де өткір проблема болып отыр, бұл тұтастай алғанда, қызметтің кадр құрамының біліктілігіне әсерін тигізді. Санэпидқызмет жұмыскерлерінің жоғары кәсіби шеберлігін қалыптастыру үшін тәлімгерлік тетіктерін дамыту, студенттерді даярлаудың білім беру бағдарламаларын қайта қарау қажет деп санаймыз. Сондай-ақ гигиена, санитария, эпидемиология, вирусология, бактериология, паразитология, инфекциялық аурулар сияқты бейіндік пәндерді оқыту көлемін ұлғайту қажет», - деді Ж. Нұрманбетова.
Оның айтуынша, материалдық-техникалық базаның нашарлығы, жоғары технологиялық және инновациялық зертханалық жабдықтардың жоқтығы, жеке қорғаныш құралдары санының жеткіліксіздігі де өз алдына проблема болып отыр.
«Мысалы, «Ұлттық сараптама орталығының» жарақтандырылуы тек 71,6 %-ды, ал зертханалық жабдықтың тозуы 65 %-ды ғана құрайды. Осындай көрсеткіштерге қарай келе, «зерттеулердің анық нәтижелерін алуға бола ма?» деген сұрақ туындайды Бұған қоса, Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, СЭС ғимараттарының 80 % және автокөліктің 64 % тозығы жеткен. Мұндай жағдайда инфекциялық аурулардың ошақтарын қалай жедел анықтауға және өңдеуге, эпидемияға қарсы шараларды қабылдауға болады?», - деді депутат.
СЭС-тің ғылыми әлеуетін күшейту ерекше назар аударуды талап етеді. Жаңа инфекциялық ауруларға арналған тәсілдердің зерделенбеуі, ғылыми зерттеулердің болмауы, практика мен ғылым арасындағы байланыстың әлсіздігі, жас ғалымдардың болмауы тиісті шаралар қабылдауды қажет етеді.
«Ол үшін ғылыми негізделген тәсілдерді ескере отырып, эпидемиологиялық ахуалды болжау моделін жетілдіру керек. Сондай-ақ, осы бағыттағы зерттеулермен айналысатын жас ғалымдарды қолдау жөніндегі шаралар қажет», - деді ол.