Фото: www.press.rolls-roycemotorcars.com
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда сән-салтанат салығы қашан пайда болатынын және ол кімдерге қатысты екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы.
"Қазір бұның бәрін талқылап жатырмыз. Бізде әртүрлі ұсыныстар бар, соның ішінде жеке тұлғада бірнеше жылжымайтын мүлік, бір адамға тіркелген екі немесе үш, қандай да бір жылжымайтын мүлік нысандары болса, онда ол әдеттегі жолмен төлейді. Бірақ саны бойынша асып кетсе... Яғни, әртүрлі нұсқаларды қарастырамыз: құны немесе саны бойынша. Мұның бәрін қосымша талқылаймыз", - деді министр Сенатта журналистер сұрағына жауап беріп.
Оның айтуынша, талқылаудың белсенді кезеңі 2023 жылдың бірінші тоқсанында болады деп күтіледі. Министр әзірге нақты ережелер жоқ екенін айтты.
Қуантыров салық, негізінен, осы салықты төлеуге мүмкіндігі бар ауқатты адамдарға қатысты болады деп сендірді.
"Сәйкесінше, бұл оларға зиян тигізбейді. Сән-салтанат салығы, негізінен, қымбат көліктерге, басқа сәнді заттарға, мүмкін антиквариатқа, жылжымайтын мүлікке және т.б. қатысты болуы мүмкін", - деп түсіндірді ол.
Министр бұл салықты толық енгізу 2024 жылға жоспарланып отырғанын айтты.