06 қаз, 2022 сағат 14:45

«Самұрық-Қазынада» 800-ге жуық шетелдік азамат еңбек етеді


«Елімізге келіп жатқан Ресей азаматтары «Самұрық-Қазына» қоры және оған қарасты компанияларда жұмыс істей ала ма?». Бұл мәселеге қордың қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі директоры Ғибрат Ауғанов түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ресей азаматтарына қатысты тыйым жоқ. Егер азаматтың жұмыс істеуге рұқсаты болса, талапқа сәйкес келсе, тек қана «Самұрық-Қазына» емес, басқа да компанияда жұмыс істей алады. HR Қазақстанның еңбек заңнамасына сай жұмыс істейді. Ресей азаматтары арасында қабілетті кандидат болса, олар бос жұмыс орнына жарияланған байқауға қатыса алады», - деді Ауғанов аталған ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде қорда 800-ге жуық шетел азаматы еңбек етіп жатыр.

«Самұрық-Қазына қорында жалпы саны 250 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның ішінде 749-ы – шетелдік маман. Атап айтқанда, шетел азаматтарының 613-і – өндірістік, ал 133-і әкімшілік-басқару персоналы», - дейді ол.

Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» өкілі қорға қарасты барлық компаниядағы бос жұмыс орындары «SamrukQyzmet» бірыңғай рекрутинг порталында жарияланатынын айтты.

«Үміткерлерді бастапқы іріктеу процесі автоматтандырылған. Бұл адами фактор және сыбайлас жемқорлық қаупінің алдын алады. Әр үміткердің өтініші жеке қаралады және барлығымен кері байланыс орнатылады. Портал іске қосылғалы 20 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланды. Осы күнге дейін 7 мыңнан астам адам жұмысқа тұрды. Бүгінде «Samruk Qyzmet» порталында 123 мыңнан астам өтініш беруші тіркелді», - деді Ауғанов.