24 қыр, 2021 сағат 13:45

«Самұрық-Қазына» қорының 2021 ж. І жартыжылдығындағы қаржылық көрсеткіштері


Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында қаржылық көрсеткіштер 2021 жылдың бірінші жартысына белгіленген жоспардан тыс орындалып, 2020 жылдың көрсеткіштерінен асып жығылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

6 айдың қорытындысы бойынша таза табыс 809 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,5 есеге артық. Ал, жоспар бойынша таза табыс 217 млрд теңге болады деп болжанған. Бұл туралы брифингте «Самұрық-Қазына» Қорының экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Нәзира Нұрбаева мәлімдеді. 

Алдын ала бағалау бойынша 2021 жылдың қорытындысы бойынша жиынтық таза табыс 1,195 млрд теңге болады деп болжануда. Яғни, пандемияға дейінгі 2019 жылдың көрсеткіштеріне жуық және 2020 жылдың нәтижелерінен екі есе артық.  

Қаржылық көрсеткіштердің оңалуына мұнай бағасының орташа есеппен барреліне 67$ дейін өсуі, мұнай өңдеу көлемінің 13%-ға ұлғайуы, электқуатын өндіру мен тасымалдау көлемінің 22% және 20%-ға артуы, жүк тасымалының 3% арта түсуі және контейнерлік транзиттің 32% ұлғайуы ықпалын тигізген. 

Биылғы жылы темір жолмен жолаушылар тасымалы 46% арта түсті. AirAstana мен Qazaq Air 8 айдың қорытындысы бойынша былтырғымен салыстырғанда 2 есе көп жолаушы тасымалдады. 


Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қор тобына кіретін компанияларда қаржылық тұрақтылық бойынша көрсеткіштердің айтарлықтай жақсаруы байқалып отыр. Қарыз/EBITDA көрсеткіші 2020 жылмен салыстырғанда топтың EBITDA көрсеткішін 737 млрд теңгеге жақсаруы арқасында 3,6 дан 2,8-ге дейін азайды. Бұл көрсеткіш 2,7 ге дейін қысқарады деп болжанып отыр. Бұл компаниялар тобының қаржылық тұрақтылығын айғақтайды.  

Биылғы жылдың маңызды оқиғаларының бірі – «Самұрық-Қазына» Қорының ұзақмерзімді және қысқамерзімді рейтингтерін халықаралық Standard&Poors рейтинг агенттігімен жоғарылатуы болды. Шетел және ұлттық валютадағы міндеттемелер бойынша «ВВВ-» деңгейіне дейін жоғарылап, болжам – «Тұрақты» белгіленді.   

«Бүгін Moody’s рейтинг агенттігі Қордың бұқараға арналған рейтингін жариялауы тиіс – еліміздің егемен рейтингісінің ұлғайуымен қатар Қордың рейтингі де Ваа2 деңгейіне дейін көтеріледі, болжам – «Тұрақты» болады деп күтілуде», деді Нәзира Нұрбаева