04 мам, 2022 сағат 14:02

«Самұрық-Қазына» корпоративтік орталық қызметкерлерін 2 есеге қысқартты


«Самұрық-Қазына» әл-ауқат ұлттық қорында корпоративтік орталық қызметкерлердің саны 248-ден 124-ке дейін азайды. Бұл туралы қордың басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қор қызметін реформалау 2 бағыттан тұрады: жедел және жүйелі реформалар. Жедел шаралар туралы айтсақ, біз қордың корпоративтік орталық қызметкерлерін 2 есеге қысқарттық, 248-ден 124-ке дейін. Басқару саласындағы лауазым саны 10-нан 5-ке азайды. Сонымен қатар құрылымдық бөлімшілердің саны қайта қаралып, 27-ден 18-ге кеміді. Одан бөлек, қордағы кеңесшілер институтының жұмысы тоқтады. Бұл салада еңбек еткен 106 адам қысқарды», – деді Алмасадам Сәтқалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат ұлттық қорының шетелдегі өкілдіктері жабылған. Оның қатарында Лондон, Абу-Даби, Бейжің және Мәскеу бар. 

«Жоғарыда аталған шұғыл шаралар жылына 2 млрд 600 млн теңгені үнемдеуге септігін тигізеді. Бұл бағыттағы жұмыстар қор қарамағындағы портфельдік компанияларға да қатысты. Бүгінде бюджетке өзгертулер енгізіліп жатыр, ол жазда дайын болады. Соның қорытындысы бойынша портфельдік компаниялар қызметіне де қысқартулар жүреді деп жоспарлап отырмыз. Қор қызметіндегі жаңашылдықтың бірі – өндірістік қызметкерлердің жалақысы 48 пайызға артты», - дейді ол. 

Оның айтуынша, жалақының артуы өндіріс саласында еңбектеніп жатқан 200 мың жұмысшыға қатысты.