«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Екі жақ астанада бірлесіп жүзеге асыруға бағытталған бірқатар жобаларды талқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Меморандум елордаға газ тарту, электроны сауда, Smart city жобасы, сатып алулар, әлеуметтік сала, импорт алмастыруды дамыту, пошта желісі, жастарды қолдау, HR дамыту сынды 9 бағытты қамтиды.
«Ақылды қала» (Smart city) бағдарламасы Нұр-Сұлтан қаласын дамытуға бағытталған. Аталған бағдарлама аясында қаланың 3 000 подъезінде 6 000 бақылау камерасы орнатылады.
Нұр-Сұлтан қаласын газбен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. «Сарыарқа» газ құбырының құрылысын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қаржыландырады. Газ құбыры Қазақстанның астанасы мен орталық, солтүстік өңірлерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге бағытталған.
«10 қазанда «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы аяқталады. Қала үшін оны дайындау оңай емес. Бұл маңызды мәселеге айналады, сондықтан осы сәттен бастап, өзара тығыз әрекет етіп жұмыс істеу қажет», - деді А.Есімов.
Сонымен қатар, электронды сауда мен пошта желісі тақырыбы да қозғалды. 2019 жылы франчайзингтің сегіз, 2020 жылы дәл осындай 12 нүкте ашу жоспарланған. Сондай-ақ, сәлемдемелерді автоматты түрде беретін 200 бекет ашу жоспарланып отыр.
Меморандумның басым бөлігі сатып алуларға, соның ішінде жергілікті маңыздағы импорт алмастыруға арналған. Қор ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасау арқылы Нұр-Сұлтан қаласында жаңа өндіріс орындарын салуға бағытталған жобаларға қолдау көрсетеді. Өз кезегінде астана әкімдігі жаңа өндіріс орындарын құру жобаларын, оның ішінде МЖӘ арқылы жүзеге асырылатын жобаларды іріктеуді қамтамасыз етеді. Жаңа өндіріс орындарын құру жөніндегі жобалаға 1,6 млрд. теңге бөлінді.
Қор тобының сатып алуларына қатысуда елордалық кәсіпкерлерге қолдау көрсету аясында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тауарларды сатып алу мен көрсетілетін қызметтер көлемін 2018 жылмен салыстырғанда кем дегенде 10 пайызға өсуін қамтамасыз етпек. 2019 жылы астаналық кәсіпкерлерден сатып алуға Қор 380 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлген болатын.
Сонымен қатар, тараптар Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік саласының мәселелерін талқылады. Қор әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту, балаларды отбасыларда орналастыруда заңгерлік көмек көрсетеді. Нұр Сұлтан қаласында жеңіл атлетикалық спорт кешенін және қазақ драма театры сынды әлеуметтік нысандарды салу үшін 58 млрд теңге бөлінді.