11 сәу, 2022 сағат 17:01

«Самұрық-Қазына» АҚ қызметкерлерінің саны екі есе қысқарды


«Самұрық-Қазына» АҚ-ның қызметкерлер штаты 2 есе қысқартылды. Бұл туралы аталған компанияның қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі директоры Ғибрат Ауғанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін компанияда бірқатар шара қолға алынды. Ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Штат 2 есеге қысқартылып, қызметкерлердің саны азайды. Басқару лауазымы да екі есеге дейін қысқарды. Сонымен қатар компаниядағы кеңесшілер институты мен қордың шетелдегі өкілдіктері жабылды», - деді Ғибрат Ауғанов онлайн өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, биыл 1 сәуірден бастап «Самұрық-Қазына» АҚ-да сатып алудың жаңа ережесі енгізілді. 

«Сатып алудың жаңа ережесі қоғам мен құзырлы органдардың талқысынан өтті. Жаңа ережеде біз барынша ашықтықты қамтамасыз етуге тырыстық. Лауазымды тұлғалар мен қызметкерлердің корпоративтік және әлеуметтік жауапкершілігі күшейтілді. Сол сияқты аталған салаға жауапты жетекшілер тағайындалды. Тағы бір айтып өтетін жайт, биыл жыл басында өндірістік қызметкерлердің жалақысы артты. Одан бөлек, бірқатар әлеуметтік-қайырымдылық бағыттағы іс-шаралар іске асып жатыр», - дейді ол.