22 жел, 2020 сағат 13:11

«Самұрық-Қазына» 2021 жылға арналған тәуекелдер картасын әзірледі

Бүгін «Самұрық-Қазына» ұлтттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның Құқықтық сүйемелдеу және тәукекелдер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Кравченко онлайн-брифинг өткізіп, Қор 2020 жылғы қауіпті тәуекелдерді қалай еңсергенін, пандемияның салдары келесі жылы қандай тәуекелдер тудыратынын түсіндірді. Сондай-ақ, Кравченко «Самұрық-Қазына» қоры 2021 жылға арналған тәуекелдер картасы әзірленгенін мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жалпы, А.Кравченко 2020 жылды қорытындылай келе, биыл Самұрық-Қазынаның тәуекелдерді басқару жүйесі ақаусыз жұмыс істеп, тиімділігін көрсеткенін айтты. Коронавирус пандемиясына байланысты әлемнің ірі қорлары сияқты, Самұрық-Қазынаның алдында да үлкен тәуекелдер тұрған. Дегенмен, бұған дейінгі стратегиялық мақсаттардың арқасында Қор тәуекелдерді салдарсыз еңсеріп, Қордың қоржындық компанияларындағы табысты арттырған. Пандемия Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді жаңа тәуекелдерді ескеруге үйреткен соң, Самұрық-Қазына келесі жылдың жартысында әлі де болса коронавирус пандемиясымен күреске назар бөлінетіндігі атап өтілді. 

«Қордың тәуекелдерді басқару жүйесі 2020 жылы кідіріссіз жұмыс істеді және тиімділігін көрсетті. Соның арқасында Қор 2020 жылдың сын-қатерлеріне төтеп бере алды, соның ішінде COVID-19 таралуы кезінде бизнестің тұрақтылығын сақтады. Кедергілерге қарамастан, биыл қордың таза пайда жоспарлы табыстан 1,5 есе артық болады және Қор 2020 жылдың қорытындысы бойынша 400 млрд теңгеден астам таза табыс күтеді», - дейді ол. 

Өзінің баяндамасында да, журналистердің сұрағына жауап бергенде де Андрей Кравченко Қордың келесі жылдарға арналған даму жоспарлары әлемдегі жағдайы ескере отырып жасалатынын айтты. 

«Біз болашаққа сеніммен қараймыз, бірақ, біз үшін келесі жылғы нақты тәуекел сыртқы факторлар болып қала береді. Өйткені, әлемдегі ірі инвесторлардың үштен бірі астамы геосаяси тәуекелдерді жалпы қаржылық тұрақтылық үшін ең үлкен тәуекел деп санайды Осыған байланысты Қор келесі жылға арналған тәуекелдер картасын жасады», - деп хабарлады Андрей Кравченко.

Осы және өзге де тәуекелдер, атап айтсақ, коронавирус пандемиясының жалғасы, мұнай бағасы, нарықтағы құбылмалы баға, тасымалдаудағы кедергілер және өзге де тәуекедер Қордың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын жасау кезінде ескерілді. 

Экономиканың маңызды бағыты – отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін де Қор көп жұмыс атқарған. Кравченко атап өткендей, бизнестегі қиындық Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген дамушы елдерінде тіркелген фактор. 

«Менің ойымша, отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі шаралар, ең алдымен, қазақстандық бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, біздің қоржындық компанияладың тұрақтылығын сақтауға арналған», - деді ол. 

Сөз соңында Андрей Кравченко хабарлағандай, келесі жылғы тәуекелдерге қарамастан, Қор отандық бизнесті қолдауға бағытталған шараларын тоқтатпайды.