22 шіл, 2022 сағат 19:31

«Samruk-Kazyna Trust» балаларды қолдауға 2,5 млрд теңгеден астам қаражатты бағыттады


Биыл Қазақстандағы «Балалар жылының» аясында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 18 мыңға жуық баланы қамтитын қайырымдылық жобаларын жүзеге асырған. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингте «Samruk-Kazyna Trust»  әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева мәлім етті, деп хабарлайды Ult.kz.

Альфия Адиева 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 2,5 млрд теңге қаражаттың жобалары жүзеге асырылғанын, ал, биылғы қайырымдылыққа арналған қаражат көлемі 10 млрд теңге екенін айта отырып, осы қаражатқа нақты атқарылған және атқарылатын жұмыстарды тізіп шықты. 

«Samruk-Kazyna Trust» қорының биыл қаржыландырған маңызды жобаларының бірі - бұл «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары. Бұл жоба арқылы Қазақстан Республикасының шалғай станциясының тұрғындарына медициналық көмек көрсету көзделіп отыр. Аталмыш пойыздар бүгінде бірнеше өңірді аралап, медициналық көмек көрсетуде», - деді брифинг кезінде Альфия Адиева. 


Жалпы, қордың мақұлданған жобалары арасында ерекше балаларға арналған 8 орталық, дамуы бұзылған және олардың туындау қаупі бар балаларға ерте диагностика қоятын 13 орталық, Жаңаөзен қаласының мектептерін жиһазбен және интерактивті панельдермен жабдықтау жұмыстары бар.

«Нәрестелердің шетінеуі мен мүгедектігін азайту үшін де «Самұрық-Қазына» және оған қарасты портфельдік компаниялар «Samruk-Kazyna Trust» арқылы қайырымдылықтарын көрсетіп келеді. Яғни, бұл бағытта біз «басқарылатын гипотермия» деген инновацилық жобаны қаржыландырып жатырмыз. Биыл Талдықорған, Ақтау, Өскемен, Шымкент және Алматы қалаларында бес перинаталыды орталықты терапевтік кешенмен жабдықтауды мақсат етіп отырмыз. Осыған дейін бір ғана Қарағандыда ауыр және орташа асфиксиямен дүниеге келген он бір нәресте аман қалды», - дейді Қор директоры. 


Сөзін қорытындылай келе, Альфия Адиева қор аға буынға да зор қолдау білдіретінін, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері жыл бойы әлеуметтік қолдаумен қамтылғанын атап өтті. 

«1935 жылғы 31 желтоқсанға дейін туған қазақстандық Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тың еңбеккерлері Қазақстан және ТМД елдерінің аумағында барлық бағыттар бойынша теміржол көлігімен тегін жүре алады», - дейді ол.