Қазақстандық актриса, Канн кинофестивалінің жүлдегері Самал Еслямова Аққайың ауданы Аралағаш ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараты бойынша, ауыл тұрғындарымен кездесу Самал оқыған К.Оразов атындағы орта мектепте өткен.
«Бүгін бүкіл әлем Қазақстан туралы, еліміздің экономикалық және саяси жетістіктер туралы біледі. Өз өнеріңізбен, талантыңызбен еліміздің, облысымыз бен ауданымыздың атын шығарғаныңыз үшін қуаныштымыз», - деп атап өтті Аққайың ауданының әкімі Дәурен Байтөлешов.
Ол Самалдың ата-анасы мен ұстаздарына тәлім-тәрбие бергені үшін алғыс айтты.
«Самал оқушы кезінде сыпайы, сабырлы және жауапты қыз болды. Ол барлық тапсырмаларға жауапты қарайтын. Оның байсалдылығы әліге дейін бойында сақталып қалған. Оны Канн фестивалінде марапаттау кезінде көрдіңіздер», - деді сынып жетекшісі Гүлназ Бекмағамбетова.
Самал туған ауылы, мектебі туралы айта отырып, Аралағашта алғаш рет білім алғанын тілге тиек етті.
«Өмірімнің алғашқы бөлігі Аралағашта өтті. Мен осы жерде өстім, білім алдым. Дәл осы жерде алғашқы білімім қаланды. Бірнеше жылдан бері Мәскеуде тұратыныма қарамастан, өз Отаным туралы сөз алғанда Петропавлды емес, Аралағаш туралы айтамын», - деп бөлісті актриса.