ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев салықтық декларациялаудың оңтайландырылған механизмі жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Декларациялауды оңайлату мақсатында декларациялауға тиісті мүліктің тізбесін нақтылау және жыл сайынғы қысқаша декларацияны беру міндеттемесін алып тастау бойынша заңнамалық шаралар қабылданды. Енді азаматтар декларацияда мемлекеттік органдарда тіркелген мүлікті және екінші деңгейлі банктердегі қаражат туралы ақпаратты көрсетпейді», - деп атап өтті министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, бұл деректер автоматты режимде министрліктің Интеграцияланған деректер базасына келіп түседі.
Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген кезде активтер мен міндеттемелер туралы «кіріс» декларациясы ұсынылады.
Декларацияны тапсыру мерзімі: қағаз түрінде – 15 шілдеге дейін, электронды түрде – 15 қыркүйекке дейін. Декларацияда көлік құралдары, заңды тұлғадағы қатысу үлестері, шет мемлекетте тіркелген жылжымайтын мүлік және шетелдік банктердегі ақша қаражаты туралы мәліметтер көрсетіледі.
Сондай-ақ, декларацияда Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тыс жерлердегі мүлік туралы деректер, бағалы қағаздар, тұрғын ғимаратындағы үлес, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік, авторлық құқық нысандары, айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген шегіндегі қолма-қол ақша, дебиторлық/кредиторлық берешек және және құны 1000 есе АЕК мөлшерінен асатын басқа да мүліктер қамтылады.
«Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген адамдар кейіннен кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынуы тиіс. Бұл ретте активтер мен кірістер бойынша айналымдар болмаса, кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсынбауға болады. «Кіріс» декларациясын тапсыру қорытындысы бойынша камералдық бақылау жүргізілетін болады.Содан кейін заңнаманы жетілдіру және ақпараттық жүйелерді пысықтау жөнінде шаралар қабылданады», - деді Е. Жамаубаев.
Айта кетейік, жалпыға бірдей декларациялау шарасы табыс салығын азайтуға мүмкіндік береді.
Биыл 1 қаңтардан бастап декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсыра бастады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары тапсырады.