17 мамыр күні Астана экономикалық форум аясында әлемнің экологиялық мәселелеріне бей-жай қарамайтын отандық әрі шетел сарапшылары Нұр-Сұлтан қаласында бас қосты. Белді мамандар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде жасыл экономиканы дамытудың тиімді жолдарын талқыға алды.
Панельдік сессияны ұйымдастырушылардың бірі - “Астана” халықаралық қаржы орталығы. Сессияға қатысушылар арасында Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, Энергетика вице министрі Сәбит Нұрлыбай, ЮНИДО энергия бөлімінің директоры Тарек Эмтаира, Dhahran Technology Development Company бас директоры Крейг Смит, “Астана” халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Әкімшілігінің директоры Айдар Қазыбаев, "Жасыл экономикаға өту" бойынша Кеңес мүшесі Салтанат Рақымбекова және өзгелер болды.
Отандық және халықаралық сарапшылар жасыл экономикаға инвестиция тарту, тұрақты энергетиканың қолжетімділігі, экологиялық ахуалды жақсарту және өзге де мәселелер төңірегінде өз ойларын ортаға салды. ЮНИДО энергия бөлімінің директоры Тарек Эмтаира жасыл экономиканы дамыту үшін инфрақұрылымға зор мән беру керектігін сөз етсе, АХҚО Әкімшілігінің директоры Айдар Қазыбаев Қазақстандағы жасыл экономика мәселесіне тоқталып, елімізде аталмыш саланы дамыту үшін қандай кедергілер бар екенін тізіп берді.
“Қазақстанда баламалы энергияны қолдану көрсеткіші 1 пайыздан аспайды. Ал басқа елдерде бұл көрсеткіш 70 пайызды құрап отыр. Мен осыдан бір жыл бұрын Финляндияда мынадай мәліметтің куәсі болдым. Олар дүниежүзінде ауаның тазалығы бойынша бірінші орында тұрмыз дейді. Ал Қазақстан дәл сондай баспасөз конференциясында мүлде басқа салалар бойынша көш бастап тұрғанын мәлімдеді.
Қазақстан бұрынғы посткеңестік ел болғандықтан, экономиканы дамытудың жалпыға бірдей даму жолын таңдаған. Яғни, тауарды өндіреді, сосын оны тұтынады, кейін қалдықтарды лақтырады немесе көмеді. Басқаша айтқанда қоқыстың астында қалып жатырмыз. Сондықтан бізге қайта өңдеу саласын қолға алып, осы салаға бет бұру керек”, - деді Айдар Қазыбаев.
“Жасыл экономикаға өту" бойынша Кеңес мүшесі Салтанат Рақымбекова Айдар Қазыбаевтың сөзіне қосыла отырып, бұл мәселені шешуде АХҚО сүбелі үлес қосатынына сенім білдірді.
“Айдардың сөзін жалғастыра отырып, мен АХҚО-ның жасыл қаржыны дамыту жолындағы провайдерге айналуы тиіс екенін айта кеткім келеді. Жасыл экономиканы дамыту үшін цифровизацияның маңызы зор... Осы орайда, Жасыл технологиялар орталығының көмегімен біз еліміздегі жасыл энергетиканың деңгейін көтеретін боламыз. Бізде жақсы палтформа бар және біз оны дамыта түсуіміз керек”, - дейді Салтанат Рақымбекова