16 там, 2017 сағат 14:51

Сәләфизм - зайырлылыққа жат

Адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан ислам діні қазақ даласында VIII ғасырдың басында тарала бастаған. Ислам дінімен бірге келген араб мәдениеті көшпенді халықтың салт-дәстүрі мен жөн-жоралғысын қазіргі қазақ елі жайлаған ұлан-ғайыр даладан ығыстыра алған жоқ.

Қазақтар сан ғасырлар бойы исламның сүнниттік бағытындағы төрт мазһабтың бірі – имам Ағзам Әбу Ханифаның мазһабын ұстанып келеді.

ҚР Президенті Н.Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел мұсылмандарының діни ұстанымдары: «... Біз – мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Жастардың үлкендерді сыйлауына негізделген. Біздің ата-бабаларымыз еш уақытта қыз баланың бетін бүркемеген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», – деп жастарды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартып жүрген сыртқы күштерді меңзеген.

Ү.ж. 19 сәуірінде Елбасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерімен кездесу барысында діннің қоғамдағы ролі мен жастардың діни сауатсыздығы туралы: «Діни сауатсыздықтың салдарынан жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, бет-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді», – деп бұл мәселені дәстүрімізге жат құбылыс ретінде заңмен шектеу қажет екенін атап көрсетті. Халқымыз ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан Ханафи мазһабын мойындамау, мемлекеттің зайырлы ұстанымдарын құрметтемеу – басқа елдің мәдениетін насихаттау болып есептеледі.

Аталған мәселеге байланысты еліміздегі беделді қоғам қайраткерлері, ҚМДБ өкілдері және дінтанушылар өз пікірлері мен көзқарастарында салафизмді ұстанатын азаматтардың киім кию үлгісі мен сақал қою мәнерін қоғамдық нормаларға сай келмейтін құбылыс ретінде әшкерелеп, шынайы исламның белгілері адамгершілік, білімділік, еңбексүйгіштік және мейірімділік екенін жеткізген.

Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселеге қатысты ресми ұстанымын білдіріп, ел мұсылмандарын бірлік пен ынтымаққа үндеп, діни алауыздықтан сақ болуға шақырды. Діни басқарма өкілдері мұсылман жамағатын сақал қоюда оның жарасымына баса мән беру мен киім киюде шектен шықпау қажеттілігін ескерткен.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерге шариғат талаптарын сақтай отырып, қазақ халқының салт-дәстүрлеріне сай, жинақы киінуге кеңес береді. Көзге ерсі көрінетін, дене бітімін айқындайтын, қара түсті киім-кешектерді пайдаланбаған дұрыс. Ал паранжа (ниқаб) мен қара киім кию – салтымызға қайшы, бұл ата-бабаларымыздың жолы емес», – деп атап көрсеткен.

Алайда, дәстүрлі емес исламды ұстанатын кейбір азаматтар бұл ұстанымдармен келіспейтіндіктерін білдіріп, барынша ақталуда.

Өкінішке орай, өткен ғасырдың 90-жылдары діни білім алу мақсатында араб мемлекеттеріне кеткен жастардың аталмыш елдердегі дәстүрлі емес діни оқу орындарында жат идеологияны сіңіруінің салдарынан, елге оралғаннан кейін ата-бабамыз ғасырлар бойы ұстанған исламды терістеп, жалған дін мен жат мәдениетті насихаттағандықтарынан дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанатын топтар пайда болды. Сондықтан мемлекет діни алауыздыққа тосқауыл қоюға, ішкі және сыртқы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізуде.

Соның аясында халыққа зайырлылықтың дінсіздік немесе дінді жоққа шығару емес екенін, мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық, құқықтық сипатта болатынын, ал мемлекет басқару ісінде діни емес құқықтық қағидаттарға сүйенетіні жан-жақты түсіндірілуде.

Осындай кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанатын азаматтардың дәстүрлі исламның ерекшеліктері мен құндылықтарын түсіне бастағанын атап айту керек.

Дегенмен, бұған тоқмейілсуге болмайды, аурудың батпандап кіріп, мысқылдап шығатынын ескерсек, елдің келешегі мен ұрпақтың болашағына тікелей қатысы бар маңызды мәселеде мемлекет пен қоғам бірлесіп, аянбай тер төгу керек екенін айту ләзім.

Қ.Бейсенғазин,

ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері