Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавабатамен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.
Кездесу барысында ағымдағы жағдай және Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және әскери-техникалық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын кеңейту мәселелері талқыланды.
Еске сала кетейік, 2016 жылы елдер арасындағы өзара сауда $1,1 млрд (экспорт – 558,6 млн, импорт – 552,9 млн) құрады. 2017 жылғы қаңтар-шілдеде аталған көрсеткіш $769,1 млн-ға (экспорт – 565 млн, импорт – 203,8 млн) жетті.
ҚР-ға жапон инвестицияларының бірлескен түсімі соңғы 10 жылда $6,3 млрд-тан асты. 2016 жылдың қорытындысы бойынша тікелей инвестициялар $470 млн құрады.
Қазақстанда жапон капиталының қатысуымен 70-тен астам кәсіпорын бар, олар мұнай мен газ, металлургия, қаржы, тау-кен өнеркәсібі, автомобильдерді көтерме сату, электр байланыс, жабдықтардың көтерме саудасы, ағаш дайындау және логистика сияқты салаларда жұмыс жасайды.