04 сәу, 2017 сағат 10:43

Сағынтаев су тасқыны жайлы: Жай ескертумен шектеліп қалуға болмайды

ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев өңірде су тасқынына байланысты қиын жағдайлар туындаса, жай ескертумен шектеліп қалуға болмайтынын айтты. Ол әкімдерді қатаң шараларды қолдануға шақырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Үкімет отырысы барысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов премьер-министрге елдегі су тасқынына қатысты жағдайға тоқтала отырып, Қарағанды облысында болған төтенше жағдайлардан қаза тапқандар жайлы айтып берді.

"Адамдарды жоғалтып алдық, әрине, өкінішті жағдай. Түрлі жағдайлардың болғаны және мұның адамдардың бейқамдығынан екені түсінікті. Ескерттік те, осыған дейін министрмен де сөйлестік. Кейбір өңірлердегі жағдай сол күйі қиын болып тұрса, бізге жай ескертумен шектеліп қалуға болмайды. Керек жерде тыйым салу керек", - деді премьер-министр.

Сондай-ақ, министр Қасымов елде 46 учаскелік жолдың: 43 автомобильді және 3 теміржолдың су астында қалғанын айтты. Қазіргі уақытта су шайып кеткен теміржол учаскелеріндегі жағдай реттелді, пойыздардың қозғалысы қайта қалпына келтірілді.

"Қазгидромет" мамандарының болжамына қарасақ, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарындағы жағдай алаңдаушылық туғызады. Осы аумақтарды су басу қаупі бар, барлық күш сонда жұмылдырылды", - деді министр.

Айта кетейік, соңғы тәуліктерде Қарағанды облысында бірнеше төтенше жағдай болды.

2 сәуірде Қарағанды облысында екі ағайындының жоғалып кеткені жайлы хабарланған болатын. Олардың бірі досымен бірге ірі қара малдарды іздестіруге аттанған еді. Бірақ бірде ер адам жылқылармен бірге суға кетіп қалған. Оны құтқармақшы болып артынша секірген ағасы да із-түссіз жоғалып кеткен болатын.

Cондай-ақ, осыған дейін Қарағанды облысында 14 адам отырған УАЗдың өзенге түсіп кеткені хабарланған еді. Жол апаты кезінде көлікте 14 адам отырған. Олардың ішінде кәмелетке толмаған үш бала бар. 11 адам көліктен өз бетінше шыға алған. Ал қалған үш адамды құтқарушылар іздестіріп жатыр. Кейінірек сүңгуірлер екі адамның мәйітін тапқан. Олардың кім екені әзірше белгісіз. Тағы бір адамды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.