Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалалық Полиция департаменті мен қоғамдық кеңес мүшелерін жинап жиын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«@dvd_galmaty және қоғамдық кеңеспен жиын өткіздім. Қылмысқа, криминалға, есірткіге қарсы күресудің, ППҚ пен учаскелік пункттердің жұмысын жаңартудың жолдарын белгіледік. Алматы тұрғындар мен қонақтар үшін қауіпсіз қала болуы тиіс. Бұл ПД жұмысына берілген баға», - деді қала басшысы өзінің Twitter-дегі парақшасында.
Оның айтуынша, жиналғандар келеңсіз жайттарды және мегаполисте қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті күшейтудің алдағы шараларын талқылаған.
«Ұрлыққа, бұзақылыққа, тонауға және нашақорлыққа қарсы күресті барынша күшейту қажет. Мұнда патрульдік полицияның жұмысын қайта қарап, видеобақылау желісін кеңейткен жөн. Полиция департаментіне учаскелік пункттерге тексеру жүргізуді, модернизация бойынша ұсыныс беруді тапсырдым. Полиция жұмысының басты көрсеткіші халықтың сенімі болуы тиіс. Барлық мәселелер менің жеке бақылауымда», - деді әкім.