«Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев филиалдың кезекті жиынын өткізді. Онда бастауыш партия ұйымдары жұмыстарының тиімділігін арттыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жиында «Құтты мекен» жобасын жүзеге асыруға, партияның Алматы қалалық филиалы бастауыш партия ұйымдарының жұмысын қайта құруға, «Таза сессия» акциясы аясында жоғары оқу орындары арасында жүргізілген сауалнама қорытындысына қатысты мәселелер қаралды.
Сонымен қатар, партияның қалалық филиалының қоғамдық қабылдауында 2019 жылдың 9 айы ішінде мемлекеттік органдар басшыларына азаматтардың жолдаған өтініштері және «Алматы-2020» қаланы дамыту бағдарламасы да айтылды.
«Партиялық бақылау барысында «Құтты мекен» жобасы бойынша нысандарда инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым салудың кестеден тыс қалу фактілері анықталды. Оның себебі – техника мен жұмысшы күші жетіспейтін мердігерлердің жауапсыздығы», - деді Сағынтаев.
Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев айтылған барлық проблемаларды жою үшін нақтылы шараларды іске асыруды тапсырды.
«Аудандық филиалдардың төрағалары – аудан әкімдері бір ай ішінде кем дегенде бір рет партиялық бақылау комиссияларының отырыстарын өткізіп тұрулары тиіс. Партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров жобаны жүзеге асыру және тексеру қорытындысы бойынша орын алған кемшіліктерді жоюға қатысты жүргізілген жұмыстар бойынша партия филиалының аппараттық жиынына ақпарат ұсынуы қажет,- деп қосты партия жиынында Сағынтаев.
Алматы қалалық филиалының төрағасы, партиялық жұмыс жеткіліксіз қамтылған жерлердегі учаскелерде электронды карта негізінде «бастауыштарды» құруды, «Jas Otan» жастар қанатының қалалық филиалына жоғары оқу орындарының барлық оқу корпустары мен жатақханаларда «Сенім жәшігі» жобасын іске асыруды тапсырды.