28 нау, 2018 сағат 18:18

Сағынтаев оңтүстік өңірдегі болат блюм шығаратын алғашқы зауытқа барды

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Оңтүстік» индустриалды аймағы аумағындағы «Shymkent Temir» оңтүстік өңірдегі болат блюм шығаратын алғашқы қазақстандық кәсіпорынға барды. 

Объектіде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев кәсіпорынның негізгі өндірістік циклдарымен танысты. «Shymkent Temir» ЖШС бас директоры Б. Әлтеевтің айтуынша, зауытта 40 тонналық индукциялық пештер және үш қырлы үздіксіз құю машиналары қолданылады.

Жоба 2015–2019 жылдарға арналған ҚР индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, осы жылдың сәуір айында пайдалануға беріледі. Шығарылатын өнімнің 100% жақын шетелдерге экспорттау көзделген.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Б. Жамалов Индустрияландыру картасы аясында 20 жобаны іске асыру жоспарларымен таныстырды.

Анықтама: «Shymkent Temir» ЖШС жобасына 4,85 млрд теңге инвестиция тартылды, 150 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Кәсіпорынның жобалық қуаты — жылына 240 мың тонна блюм. Металлургиялық өнімдердің кез-келген түріне одан әрі өңдеуге дайын құймалар түрінде болат блюмдер шығару жоспарланған.