14 жел, 2019 сағат 15:27

Сағынтаев "қисайған үй" тұрғындарын уақытша басқа жаққа көшіретінін айтты

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Зерделідегі "қисайған үй" тұрғындарын уақытша басқа жаққа көшіруге уәде берді. Әкім бұл сөзін 14 желтоқсанда түс кезінде ғимараттың қауіпсіздігіне алаңдап, мектепке жиналған жүзге тарта тұрғын алдында айтты.

- Сіздерді көшіру туралы шешім қабылдадық. Оған ақша бөлінді. Ақша аудандық әкімнің шотына түседі, - деді Бақытжан Сағынтаев.

Бір аптадан бері өздері тұрып жатқан тоғыз қабатты ғимараттың бір жаққа қарай қисайғанына шағымданып келген Алматының "Зерделі" (бұрынғы - Алғабас-6) шағын ауданындағы №179 үй тұрғындары сенбі күнгі жиналыста биліктен "апатты үйдің" жарамдылығын анықтап, баспана мәселесін шешіп беруді талап еткен еді.

- Алғашқы жұмыс күні (18 желтоқсан - ред.) ақша түседі. Тұратын пәтерді не өздеріңіз, не біз тауып береміз. Бір ай бола ма, екі ай бола ма - анықтаймыз. Зерттеу үйде тұруға болмайды десе, үйді күрейміз. Үй күрелсе, әкімдік есебінен тұрғындарға жаңа үй беріледі. Жапсарлас жатқан барлық үй зерттеледі, - деді Бақытжан Сағынтаев.

Жиналыс кезінде наразы жұрт жантайған үйді салған "АГС Пласт" компаниясының өкілінен жауап алуды талап етті. Бірақ Алматы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев "Бізде әлі зерттеу қорытындысы жоқ. "Кінәсіздік презумпциясы" деген бар. Үйдің ахуалын анықтап алайық. Кінәлілерді сосын табамыз" деді.

Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Берік Адамов та "мемлекеттік және тәуелсіз қорытындыны зерттейміз, қорытындысы шыққаннан кейін әрбір кезең бойынша (жобалау кезеңі, ғимаратты салу кезеңі т.с.с - Б.А) атқарылған жұмыстарға баға береміз" деді.

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының атқарушы директорының айтуынша, үй 7,5 сантиметрге қисайған. Ал тұруға жарамсыз деп тану үшін 8 сантиметр болуы керек.

"Зерделідегі" №179 үйдің "қисайғаны" туралы ақпарат бірнеше күн бұрын тараған. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, бұған дейін әкімдіктің арнайы басқарма мамандары үйді тексеріп, "үй тұруға жарамды" деп мәлімдеген. Ал ғимараттың жоғары жағынан төменге жіп тастап, "өз бетімен тексеріс жасаған" тұрғындар үй "12-15 сантиметрге қисайды" деп айтқан еді. 14 желтоқсанға қараған түні тұрғындардың қорқып, ғимарат ішіне кіре алмағаны, кейбір адамдардың көшіп жатқаны белгілі болған .

2013 жылы "Қолжетімді баспана" мемлекеттік бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген бұл тұрғын үйде 72 пәтер бар.

Алматыда "үйлердің қисаю мәселесі" осыдан бірнеше жыл бұрын да байқалған. 2016 жылы Алғабастағы тоғызқабатты тұрғын үйдің 32 сантиметрге қисайғаны анықталып, жергілікті билік оларды сүру керек деп мәлімдеген.

Азаттық