18 қар, 2019 сағат 11:47

Сағынтаев қаланы аралап, мобильді бекеттерден учаскелік полицейлерді таппады

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев полицияның мобильді пункттерін алдын ала ескертпестен аралап шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шаһар басшысы тұрғындардың арыз-шағымына көз жеткізбекші болғанын жеткізді.

«Кеше кешке ескертусіз «Атакент», «Мерей» сауда үйі, Көк базар, Арбат, Меңдіқұлов – Бектұров көшелерінің қиылысындағы, Ганди саябағындағы мобильді полиция бекеттерін аралап шықтым. Сол пункттердің біреуінде ғана учаскелік полицей болды. Басқаларында жарық жанып тұрғанымен, кезекші болған жоқ. Полиция қызметкерлерінің орнына сауда нысандарының күзетшілері жүрді», - деді әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, қала тұрғындары мобильді полиция пункттерінде тәртіп сақшыларын табу қиын екендігіне жиі шағымданады.

«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бұлайша немқұрайды қарауға болмайды! Сондықтан бүгін аппараттық жиында қаладық Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевқа ескерту жасадым. Медеу, Алмалы, Бостандық, Жетісу аудандарының полиция басшыларына сөгіс жариялауды тапсырдым. Аудан әкімдеріне де бақылаудың жоқтығы үшін ескерту айтылды», - деді әкім.

Қала басшысы алматылықтардың қауіпсіздігі — әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі екендігін атап өтті.