09 қаз, 2019 сағат 11:13

Сағынтаев Алматының 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясы туралы айтты

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев шаһардың 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Б. Сағынтаев қаланың Даму стратегиясы жөнінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттерімен кездесу барысында мәлім етті.

«Бүгінде Елбасының тапсырмасына сәйкес, қаланың ұзақмерзімді Даму стратегиясының жобасын жасадық. Бұл құжатты «Алматы-2050» деп атадық. Мен сіздермен қаламыздың дамуы туралы өзімнің көзқарасыммен бөліскім келеді. Сіздердің де бұл жобаға қатысып, қолдайтындарыңызға сенемін», - деді ол жиналғандарға.

Әкімнің айтуынша, бірінші стратегиялық басымдық – ғаламдық «ақылды» қала болу. Сарапшылардың болжауынша, 2030 жылға қарай мегаполис тұрғындарының саны 5 миллионға жетеді.

«5 миллион – бұл Үлкен Алматы. Үлкен Алматы – бұл Алматы қаласы және қаламаңы, яғни алматылық агломерация. Жанымызда Алматы облысының 5 ауданы орналасқан. Онда облыс халқының 60% тұрады. Олар Талдықорғанға бармайды. Себебі, бұл өте алыс, барлығы біздің шаһарға келеді. Қазір Алматыда 3 миллион адам тұрады, 2030 жылға қарай 5 миллионға жетеді. Сондықтан халықтың өсуіне байланысты инфрақұрылымға жүктеме барлық дамушы қалалар үшін ғаламдық міндет болып табылады. Олардың қатарында бізде бармыз. Бізге де, басқа әлемдік мегаполистер сияқты, урбанизация дағдарысы төніп тұр. Көшіп келушілер саны жыл сайын артып келеді. Бұл, қаланың барлық әлеуметтік, инженерлік, көлік инфрақұрылымын қайта жүктеу қажеттігіне алып келеді», - деді әкім.

Сондықтан, Үлкен Алматының бүтін агломерациясы ауқымындағы шешімдер үшін проактивті жоспарлау және жобалау, смарт-тәсілдер қажет», - деді Бақытжан Сағынтаев.

«Агломерацияны есепке алмағанда, қала халықының саны 3-3,5 миллион адам. 2030 жылдан кейін оны осы деңгейде ұстап тұру үшін қала маңын дамытуымыз керек. Ол жерде жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік инфрақұрылымды құруымыз қажет. Сондай-ақ, сол жерлерге қоғамдық көліктерді тартуымыз керек. LRT, BRT электр пойызын іске қосуымыз тиіс», - деді әкім.