Қазақстанның білім министрі Ерлан Сағадиев тексеруші органдардан қорқатын мұғалімдер жайлы айтып берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
"Біз бүгіннің өзінде қағазбен есеп беруден бас тарта аламыз. Бірақ бірқатар мәселе бар, бірінші кезекте - мұғалімдердің тексеруші органдардан қорқуы. Біз мұғалімдермен және мектеп директорларымен сөйлестік, олар "Біз қағаз журнал қолданамыз, себебі қорқамыз" дейді. Мен оларға: "Ал қағаз журналға тыйым салсам ше?" десем, "Біз түнеделетіп толтырамыз. Себебі бұл ақша, ертең басымызды кесіп алады" деп жауап береді", - деді алқа отырысында министр.
Мұғалімдер қорқыныштан арылуы үшін Сағадиев Қаржы министрлігі мен Бас прокуратураның конструктив хаты немесе бұйрығы дайындалғаны жайлы айтты. Осы құжат бойынша тексерушінің қағаз түріндегі есепті тексеруге құқы жоқ.
"Басып шығардық, мөрін қойдық, тапсырдық - бүгінге осы да жеткілікті. Қаржы министрінен де осы ереже бұзылса, осы іспен айналысуды сұрадық, себепсіз тексерістерді Қаржы министрлігінің өзі қудалайды", - деді министр.
Cонымен қатар, Сағадиев мұғалімдерді қоғамдық жұмыстардан босатуға уәде берді.
"Тағы бір маңызды міндет - мұғалімдерді өз саласына жатпайтын жұмыстармен айналысуға мәжбүрлеуді тоқтату. Бұл көлемді жұмыс, алайда біз осыған кірісеміз. Бүгінде біз мұғалімдердің сараптамаларды, карталарды, жол жүру билеттерін жинайтынын, тексеріс өткізетінін білеміз. Бірінші кезекте тексеріспен айналысуды, статистикалық мәліметтерді жинауды тоқтатамыз. Механизмді жасап алып, үкіметтен бірқатар қаулы шығартамыз, бұл арқылы басқа органдар мұғалімдердің еңбегін пайдалана алмайтын болады", - деді Ерлан Сағадиев.
Еске салайық, осыған дейін ол қағаз түріндегі сынып журналдары мен күнделіктердің ерікті түрде қолданылатынын айтқан болатын.