11 там, 2023 сағат 14:38

Сәбиінен айырылған әйел перзентхананың үшінші қабатынан секіріп кетті

видео кадры

Алматы облысы Қаскелең кентіндегі перзентханада жатқан әйел үшінші қабаттан секіріп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Бұл туралы видеоны заңгер, қоғам белсендісі Сәуле Бикитеева өзінің Іnstagram парақшасында жариялады. Бейнежазбада дәрігерлер оқиғаның қалай болғанын баяндап береді.

«Үшінші қабаттан құлады. Ол кісі бізге төрт күн бұрын түскен. Үш жүктілік болған, үшеуі де сәтсіз аяқталған. Бірінші баласын ішінде жоғалтқан. Екінші баласын экомен көтерген. Ол баласы 26 аптасында тағы солай келді. Жоспарлы түрде отаға алынды. Үш баласын да жоғалту оңай емес қой. Босанудан кейінгі күйзеліске түсті ме? Қасында дәрісін беріп, медбике тұрған. Медбикені итеріп жіберіп, өзі секіріп түскен. Бала ішінде қайтыс болған. УЗИ-де анықтаған, қозғалмай қалған екен, баланың жүрегі тоқтаған, солай перзентханаға түскен. Кесарь тілігі жасалғаннан кейін үшінші күні секірген», - дейді перзентхана өкілі.

Қарасай аудандық көпсалалы ауруханасының мәліметінше, әйел 3-қабатта орналасқан жансақтау бөлімінің терезесінен секіріп кеткен.

«Пациент 37 жаста. Операциядан кейін 4 күн реанимацияда болды. Босанғаннан кейін қатты күйзеліске түсіп, емделуден бас тартты, өзін агрессивті ұстады. Оны барлық арнайы мамандар: анестезиолог-реаниматолог, нейрохирург, травматолог, хирург тексерді. Барлық қажетті сараптамалар жасалып, толықтай емделіп жатыр», - деп хабарлады аурухана әкімшілігінен.

Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір әйел жансақтау бөлімінде жатыр.