14 қар, 2021 сағат 12:11

Саакашвили жақтастары Тбилисиде митинг өткізді

"Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының мүшелері Михаил Саакашвилидің бостандығын талап еткен митингіде. Тбилиси, 14 қазан 2021 жыл.

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің мыңдаған жақтасы Тбилисидегі парламент ғимараты маңында митинг өткізді. Олар саясаткерді босатуды, тым болмағанда оны түрме ауруханасынан азаматтық емханаға ауыстыруды талап етті, деп хабарлайды Азаттық.

Акцияға қатысушылар "Миша! Миша!" деп ұрандады. Демонстранттардың қолында #FreeSaakashvilі деген жазуы бар плакат болды. "Эхо Кавказа" сайтының хабарлауынша, полиция парламент жанындағы Руставели даңғылын жапқан. 

Дәрігерлер мен адвокаттардың айтуынша, Саакашвилидің аштық ұстап жатқанына 44 күн болған және жағдайы мүшкіл. Олар Саакашвилиге тек тәуелсіз дәрігерлер ғана көмектесе алатынын айтады, себебі түрме ауруханасының оған шамасы жетпейді.

Ал Грузин билігі экс-президентке қажетті көмектің бәрін көрсетіп жатқанын айтады. 

Михаил Саакашвилидің өзі 11 қарашада Еуропаның Адам құқығы жөніндегі сотына құлақ түріп, аштықты тоқтатуға ниеті барын айтқан. Бірақ ол әуелі өзін емдейтін көпсалалы клиникаға ауыстыруды талап еткен.

Михаил Саакашвили қыркүйектің соңында – жергілікті атқару органын сайлау қарсаңында еліне оралған. Ол азаматтарды сайлауға баруға үндеп, сайлаудың ертесінде Тбилиси орталығына жиналуға шақырған. Алайда саясаткер 1 қазанда қамауға алынып, аштық жариялады. 

8 қарашада Михаил Саакашвилиді Рустави түрмесінен Тбилисидің Глдани ауданындағы түрме ауруханасына ауыстырды. Ертесінде оппозиционердің жақтастары мен азаматтық белсенділер митинг өткізіп, Саакашвилиді жеке клиникаға ауыстыруды талап еткен. 

10 қарашада Тбилиси қалалық сотында 2007 жылғы оппозиция митингісін тарату және "Имеди" телекомпаниясындағы бүлікке байланысты сот басталған. Алайда қылмыстық атқару қызметі Саакашвилиді денсаулығына байланысты сотқа жеткізуден бас тартқан.