Татарстан Президенті Рустам Минниханов Қазақстандағы Татар және башқұрт конгресінің активімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу «Татарстан - Жаңа ғасыр» телерадиокомпаниясының корреспонденттік пунктінің Қазмедиада өткен ашылу салтанатынан кейін болды. ТР вице-премьері, татарлардың дүниежүзілік конгресінің «Милли Шура» ұлттық кеңесінің төрағасы Василь Шайхразиев модератор ретінде сөз сөйледі.
Қазақстандағы татар және башқұрт конгресінің басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Татарлардың дүниежүзілік конгресінің «Милли Шура» ұлттық кеңесінің төрағасы Тауфик Каримов Президент Рустам Миннихановке Қазақстандағы татарлар қауымдастығының дамуы туралы баяндады.
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және сіздің Татарстанға жасаған сапарларыңыз Астана мен Қазан арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамытуға зор ықпалын тигізеді. Қазақстандағы татар халқының атынан Астанада ашылған «ТЖҒ» корреспонденттік пункті үшін алғысымды білдіремін. Біз осы мақсатта былтыр тамыз айында сізге Талдықорғанда өтініш білдірген едік. Ал енді Астананың 20 жылдығына орай жеке қатысуыңызбен салтанатты ашылу рәсімін тамашалап отырмыз. Ресейден тыс жердегі ТЖҒ-ның алғашқы корреспонденттік пункті ақпарат тарату саласына зор үлесін қосып, ұлттар арасындағы достастықты нығайтады. Онда көрсетілетін бағдарламалар тек татар халқына емес, қазақтар үшін де қызықты болады. Себебі біздің дініміз де, дәстүріміз де, тіліміз де - бір, - деді Т. Каримов.
Оның айтуынша, дәл қазір Қазақтардың дүниежүзілік қауымдастығы мен Татарлардың дүниежүзілік қауымдастығы арасында, сондай-ақ, екі елдің іргелі ақпараттық агенттіктері - ҚазАқпарат және Татар-Ақпарат арасында меморандумға қол қою бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Кездесуге Қазақстан тарапынан Қазақстан халқы Ассамблеясының төраға орынбасары Исламбек Салжанов, Қазақтардың дүниежүзілік қауымдастығының төраға орынбасары Арғын Оспанов, «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Омаров, Қазандағы ҚР Бас консулы Еркін Тұқымов қатысты. Шара барысында Татарстанның Қазақстандағы жаңадан тағайындалған уәкілетті өкілі Денис Валеев таныстырылды.