15 нау, 2023 сағат 10:54

Рудныйда бірінші сынып оқушысын әжетханаға жібермеген мұғалім жазаланды

Фото: Фото: Tengrinews.kz

Рудныйда мұғалім оқушыны сабақ кезінде әжетханаға жібермегені үшін сөгіс алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

9 наурызда Абай атындағы №18 мектепте 1-сынып оқушысы сабақ кезінде іші ауырып тұрғанын айтып, әжетханаға сұранған. Ал мұғалім оған "7 минут қалды, шыда" деген. Оқушы шыдамаған.

Мектеп оқушысының анасы қалалық білім бөлімі мен БАҚ өкілдеріне шағым түсірген. Сейсенбі, 14 наурызда Рудный қалалық білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаев бұл іске қатысты пікір білдірді.

"Бірінші сынып оқушысының анасы білім бөлімінің жұмыс телефонына сынып жетекшісінің қызына біржақты көзқарас танытқаны туралы шағыммен хабарласты. Мұғалім өз кінәсін мойындап, өкінетінін айтты. Мұғалім сол күні алдымен түсініктеме жазды. Кейін ол жұмыстан кету туралы арыз жазды. Бірақ қазір анасының мұғалімге де, мектепке де талабы жоқ. Мектеп психологы бірінші сынып оқушысымен жұмыс істеді, ол бұрынғы сыныпта оқуын жалғастырады", - деді Жайлыбаев.

Білім басқармасының басшысы кикілжің шешіліп, қазір мұғалім сол мектепте жұмысын жалғастырып жатқанын айтты.

Мұғалімнің мінездемесі жақсы, еңбек өтілі тоғыз жыл, педагог-зерттеуші санатында жұмыс істеп келеді. Осы сыныптағы басқа ата-аналар да оны жақтады.

"Кеше біздің бөлімге ата-аналар комитетінің өкілдері келді. Олар балалардың сынып жетекшісінің ауысатынын білгенде жылап жібергенін айтты", - деді Рудный қалалық білім бөлімінің бас маманы Марина Романяк.

Жайлыбаевтың айтуынша, мектептерде баланың сабақ кезінде дәретханаға қалай және қанша рет баруы туралы ереже жоқ. Рудный қаласының мектеп тәжірибесінде мұндай жағдай бірінші рет болған.

"Әрине, бұл жерде қыздың құқығы бұзылды, мұғаліммен сөйлестік, сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылды", - деді білім басқармасының басшысы.