Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов теңге мен Ресей рублінің арасындағы бағамға қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанға келетін импорттың негізгі көзі Ресей болып тұр. Оның үлесі 50-60%-ға жеткен. Яғни, инфляцияға рубльдің теңгеге қатысты бағамы тікелей әсер етуде. Жыл басынан бері рубль теңгеге қатысты 40% нығайды. Рубльдің теңгеге қатысты бағамы Ресей валютасының долларға қатысты кросс-бағамы арқылы қалыптасып жатқанын айту керек. Бірақ бұл фактіге Ұлттық банк көз жұма қарап отыр. Мемлекет басшысы Ұлттық банк икемді әрі жол тапқыш болу керектігін айтты. Сондықтан жуықта Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың рубльмен теңге арасында тікелей бағам қалыптастыру туралы ұсынысын қолдаймын. Тарихи және экономикалық теңгерімді ескерсек, рубльдің теңгеге қатысты бағамы 5-6 теңгеден аспауы керек», - деді депутат.
Сондай-ақ ол базалық мөлшерлеменің 14,5% болуы туралы пайымын айтты.
«Мұндай мөлшерлемемен ешбір есі дұрыс бизнес қызмет көрсете алмайды. Ұлттық банк инфляцияға сілтеп отыр. Ол қазір 16,1%-ға жетті», - деді Аманжан Жамалов.