11 нау, 2022 сағат 10:15

Роттердам порты арқылы қазақстандық тауарларды өткізу мәселесі талқыланды


Қазақстанның Нидерланд еліндегі елшісі Асқар Жұмағалиев Роттердам порты әкімшілігінің бас директоры Аллард Кастелейнмен онлайн кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында А.Кастелейнге Украинадағы жағдайға байланысты Қазақстанның ұстанымы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың украин тарапына гуманитарлық көмек көрсету шешімі жөнінде ақпарат берілді. 

Қазақстан елшісі Ресей-Украина мәселесіне байланысты Роттердам порты арқылы қазақстандық тауарлардың үздіксіз жүк айналымын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. 

Өз кезегінде А.Кастелейн Роттердам порты арқылы қазақстандық жүктерді қабылдау мен жөнелтуде проблемалардың жоқтығын атап өтті. Бұл ретте соңғы кезде туындаған жүктердің транзиті жөніндегі барлық мәселелер арнайы құрылған жұмыс тобы шеңберінде қаралады. 

А.Кастелейн алдағы таяу уақытта көлік-логистика саласында порт және қазақстандық серіктестер арасындағы екіжақты үйлестіруді ретке келтіру бойынша ҚР Елшісінің ұсынысына қолдау білдірді.